"Жаңа жыл мұсылмандардың мерекесі емес". Берденовке қатысты тағы бір дау шықты

Сағыныш Сардарова 01 қаң. 2026 10:52

Threads желісінде Жаңа жылға қатысты жазба тарады. Автордың айтуынша, Руслан Берденов басқаратын компанияда жаңа жылдық кеш ұйымдастыруға және тәтті сыйлықтар таратуға тыйым салынған. Оның сөзінше, ресми себеп ретінде "Жаңа жыл мұсылмандардың мерекесі емес" деген уәж айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Руслан Берденов осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Менің Жаңа жылға қатысты және компания ішіндегі ұстанымыма байланысты жалған ақпарат тарап жатыр екен. Қазақстан - зайырлы мемлекет. Біз көпұлтты, көпконфессиялы елміз. Сондықтан мен үшін басшы ретінде "дұрыс" немесе "бұрыс" дін мен мәдениет өкілдері деген ұғым жоқ және болуы да мүмкін емес. Мен барлық дәстүрге құрметпен қараймын. Ол Жаңа жыл болсын, Наурыз болсын, Рождество, Құрбан айт немесе адам мен оның отбасы үшін маңызды кез келген мереке болсын, бәрі де қадірлі", - деді ол.

Руслан Берденов қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаны тексеріп жатқанын мәлімдеді.

"Діни себеппен мерекені атап өтуден бас тарту, корпоративтерді немесе жаңа жылдық сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ және ондай шешім қабылдануы да мүмкін емес. "Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес, сондықтан біз қызметкерлерді құттықтамаймыз" деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Осындай хабарламаларға сақтықпен қарап, тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, қорытынды жасамауды сұраймын", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар