Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Иә, өкінішке қарай, маңызды жекпе-жек қарсаңында осындай жағдай орын алды. Алайда екінші сынама ашылады, ол 8 қаңтарға жоспарланған. Жәнібектің командасы да, біз де екінші сынаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Ақпарат кейінірек беріледі", - деді министр.
Еске салайық, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Куба боксшысы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда кездесудің болмайтыны ресми түрде хабарланды. Бұған қазақстандық боксшының анализінен мельдоний атты тыйым салынған препарат табылғаны себеп болды.
Кейін бұл жағдайға Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пікір білдірді.
Вице-министр қазіргі уақытта ведомство Жәнібектің командасымен тұрақты байланыста екенін жеткізді. Шенеунік оқиғаны сараптауға асықпай, ресми тергеу қорытындысын күтуді ұсынды.
"Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне қатысты мен бұған дейін де пікір білдірдім. Қазір Туризм және спорт министрлігі Жәнібектің командасымен байланыста. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар оның сынамасынан... тыйым салынған зат анықталғанын хабарлады. Салдарынан жекпе-жек тоқтатылды. Дегенмен біз оның допинг қолданбағанына сенеміз және сенімдіміз. Ол заттың ағзасына қалай түскені әлі анықталуы керек. Бұл мәселемен антидопингтік ұйымдар айналысады. Қорытындыға асықпауға кеңес береміз. Антидопингтік тергеу толық аяқталсын. Қажет болған жағдайда министрлік халықаралық сарапшыларды тартуға дайын", – деді вице-министр.
Ведомство өкілдері тергеу нәтижесі шықпай тұрып боксшыға айып тағу дұрыс емес деп санайды. Жарасбаевтың айтуынша, қажет болған жағдайда Министрлік Жәнібекке қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейдегі сарапшыларды да тартуы мүмкін.
