Қазақстандық жігіт автосалонмен соттасып, 22 млн теңге өндіріп алды

Көркем Алдабергенова 31 жел. 2025 17:40

Атырауда автосалон сапасыз автокөлік үшін ақшаны қайтарудан бас тартқан. Соның салдарынан сатып алушы сотқа жүгініп, жеңіске жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді. Ведомство дерегіне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айында тұрғын Атырауда автокөлік сатып алып, оның құнын толық төлеген. Сауда-саттық Trade-in бағдарламасы арқылы рәсімделген.

Алайда автосалоннан шыққан сәттен бастап көлікте елеулі ақау анықталған: қозғалыс кезінде көлік оң жаққа қарай тарта берген.

15 мамырда сатып алушы анықталған кемшілікке байланысты автосалонға жазбаша түрде жүгінген. Сатушы бірнеше рет диагностика жүргізгенімен, ақаудың нақты себебін анықтай алмаған.

Ақау жойылмаған соң, тұтынушы сатып алу-сату шартын бұзып, төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда автосалон бұл талаптарды орындамай, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң талаптарын бұзған. Аталған заң техникалық күрделі тауарда елеулі кемшілік анықталған жағдайда, сатушының тұтынушы талабын қанағаттандыруын міндеттейді.

Комитеттің хабарлауынша, 2024 жылғы 30 желтоқсанда өңірлік департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тұтынушы құқығының бұзылғанын растаған.

«Сатушы тұтынушының талаптарын тиісті деңгейде қарастырмаған және анықталған кемшіліктің пайда болуына өзінің кінәсі жоқ екенін дәлелдей алмаған», – делінген комитет таратқан хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша сатушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 5-тармағының 3-тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұрын бұл бап бойынша жаза қолданылмағандықтан, ескерту берілген. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылған.

Сатушы ерікті түрде шартты бұзып, ақшаны қайтармағандықтан, тұтынушы сотқа жүгінген. 2025 жылдың мамыр айында сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, автосалонды:

  • көліктің құнын өтеу ретінде 21 940 000 теңге қайтаруға;
  • 100 000 теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге;
  • 870 838 теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуге міндеттеді.

Осылайша, қазақстандық тұтынушы автосалоннан жалпы сомасы 22 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар