Қызылорда облысы: көгілдір отын алыс ауылдарға жетпек

Dalanews 24 сәу. 2015 06:25 1348

Биыл Қызылорда облысы халқының 70 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл бағыттағы жұмысқа «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Қомақты қаражатқа өңірдегі 4 аудан орталығы, атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіледі.

ACD_6149Күл шығару келмеске кететініне қуанғандардың бірі Қазалы ауданының тұрғыны Сымбат Жайлауова.

– Бұл жаңалықты естігенде алғашынды сеніңкіреген жоқпын. Әдетте, сөз күйінде қалып қоятын жобалар көп болады. Соның бірі шығар дегенмін. Жылдың соңында Байқоңыр қаласында газдандыру жұмысы басталды дегенде қызғанышпен қарағанымыз рас. Дегенмен, күн жылыған бойда бұл жұмыстар Қазалы ауданында да басталды. Қазір біз тұратын Тәуелсіздік көшесіндегі жұмыстар аяқталуға жақын. Газ құбырларын қалай салып, оны көміп жатқанын, яғни сапасын тұрғындар жіті бақылап тұрмыз. Қажет болса, қол ұшында беріп жатырмыз. Бұл ел үшін жасалып жатқан жұмыс, - дейді Қазалы ауданының тұрғыны Сымбат Жайлауова.

Негізі облыс орталығында 2004 жылы Елбасының тапсыр­масымен «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын секторын ілеспе газға көшіру» жобасы басталды. Сол жылдың өзінде 124 шақырымдық «Ақшабұлақ – Қызылорда» магистралдық газ құбыры және газ тарату станциясының құрылысы аяқталып, пайдалану­ға берілді. Электр қуаты 50 Вт және жылу қуаты 90 Гкал/сағат когенерациялық газотурбиналық электрстанциясының құрылысы аяқталды. Осындай жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде газдандырыл­ған жеке тұрғын үйлердің саны 2010 жылдың басында 3507 болса, қазіргі уақытта  594 көпқабатты  тұрғын үй, 25 мың жеке сектордағы үйлерге газға қосылуға мүмкіндік жасалды.

Ілеспе газды­ өндірудің негізгі бөлігі Құмкөл, Ақшабұлақ, Арысқұм, Қоныс топ­тарының кен орындарында шоғыр­ланған. Газ қорының ең ірі көлемі «ҚазГерМұнай» БК ЖШС — 9,6 млрд. текше метр, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» ЖШС - 9,5 млрд. текше метр, «ҚуатАмлон­Мұнай» БК ЖШС - 7,3 млрд. текше метр жинақталған. Мамандар өнді­рілген газдың 56,7 пайызы сол кен орындарында ауаға жағылып кете­тіндігін анықтаған. Бұл - газ қорын тиімсіз пайдаланудың көрінісі, газ қорының 32,9 пайызы кен орын­дарының қажетіне жұмсалса, оның 10,4 пайызы Қызылорда қаласына келет­ін тауарлық газды құрайды.

ACD_4040 Алдағ­ы уақытта жаңа кәсіпорындар мен объектілердің қатары көбейе­тіндігі ескеріліп, тауарлық газды тұтыну­ деңгейі облыста 2020 жылы 1270,8 млн. текше метр, ал 2028 жылы 1800,7 млн. текше метрге жетеді деп күтілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша газды тұтынудың көлемі 2020 жылы 496,5 млн. текше метр, ал 2028 жылы 682,9 млн. текше метр болады. Бір айта кететіні, өткен жылдан бастап облыс аумағы көгілдір отынмен Батыс Қазақстаннан келетін «Бейнеу - Шымкент» газ магистралі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандардың болжамы бойынша Қызыл­орда облысында мұнай және газ қоры, игерілген көмірсутекті кен орындары арқылы шаһардың қажеттіліктерін шамамен алғанда 30 жыл бойына өтеуге­ мүмкіндігі бар екен.

Бүгінгі таңда облыстағы елді мекендер тұрғындарын батыстан құбыр арқылы келетін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.

Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Соның 846 шақырымы Қызылорда облысының аумағында. Стратегиялық маңызды жобаның екінші кезеңі биылғы 2015 жылы аяқталады деп күтілуде. Жобаның мақсаты – тұрғындар тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік облыстарын түгел газдандыру.

Айта кететіні, Сыр өңіріндегі барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой» газ магистралінің бойында орналасқандықтан газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табады деуге негіз бар.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2013 жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге қаражат қаралып, оған 4 техникалық-экономикалық негіздеме және 10 жоба-сметалық құжаттамалар дайындалған. Олардың 4 техникалық-экономикалық негіздемесі мен 8 жоба-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

ACD_9942Бұған қоса, үстіміздегі жылы қала іргесіндегі Талсуат ауылдық округін және осындағы 3 әлеуметтік нысанды газдандыру үшін республикалық бюджет есебінен 271, 2 млн. теңге қарастырылуда. Сонымен қатар, алдағы 2016 жылы Қызылорда қаласында бұрын газ құбырына қосылмай қалып қойған тұрғын үйлерге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр. Ал, Қарауылтөбе, Белкөл кенттерін газбен қамтамасыз етуге бюджеттік өтінімге ұсыныс берілген.

Енді әр аудан орталығында көгілдір отын тарату стансасы пайда болады деген сөз. Осындай алғашқы нысанның құрылысы былтыр жыл соңында Байқоңыр қаласында басталған еді. Төретам кентінен 14 шақырым жерде «Байқоңыр» АГРС құрылысының іргетасын қаланса, биыл Арал, Қазалы, Жаңақорған және Шиелі аудандарында жалғасын табуда.

Мамандардың айтуынша, І кезеңде облыс аумағына орнатылатын қалған 8 авто­маттандырылған газ тарату стансаларының құрылысын салып, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын республикалық бюджет есебінен 2015-2017 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Жосалы және Сексеуіл кенттерінде салынатын АГРС-тер құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 113,9 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, бүгінгі күні жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Жыл соңына дейін облыстағы жүздеген әлеуметтік нысан мен мыңдаған үйге көгілдір отын беріледі. Ең бастысы, экологияға оң әсерін тигізеді. Аудандардағы өндірістер де газға қосылатын болады. Ал арзан отын өнімділікті көбейтіп, тауардың бағасын да айтарлықтай арзандатуға сеп болмақ. Сондай-ақ аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Газдың келуімен бірге жаңа зауыттар ашылса, жұмыс орындары көбейеді. Қай жағынан да өңір үшін пайдасы орасан. Жалпы облыс 2016-2017 жылдарға қарай көгілдір отынмен толық қамтылады.

 Аяулым Шаймардан



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар