"Жындыханаға жатқызды". Ақтөбелік бес баланың анасына қатысты жаңа дерек шықты

Сағыныш Сардарова 23 қаз. 2025 17:26

Жуырда Ақтөбеде бес бала Президент пен қазақстандықтардан көмек сұрап, видеоүндеу жариялаған еді. Балалардың айтуынша, анасы бір күннің ішінде мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылып, ал өздері орталыққа жіберілген.

Ақтөбелік бес баланың анасына қатысты жаңа дерек шықты. Бұл туралы әлеуметтік желіде белсенді Ақмарал Басирова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, көпбалалы ана туралы ақпарат соңғы күндері қоғамда үлкен резонанс тудырған.

"Біз басынан бастап оған қойылған диагнозбен келіспегенбіз. Себебі Жұлдызды психиатриялық ауруханаға жалған ақпарат негізінде, туысы – өз әпкесінің арызы арқылы жатқызған. Бұл жағдай ананы терең күйзеліске түсіріп, балаларына да ауыр соққы болды. Алайда шындық түбінде ашылатынына біз сендік!!! Жақында Жұлдыз ханым Алматы қаласындағы Республикалық психикалық денсаулық орталығына жіберілді. Он күн бойы психологтар, профессорлар, доценттер және кафедра меңгерушілері кәсіби түрде кешенді тексеріс жүргізді.

Бүгін 24 маманнан құралған консилиум Жұлдыздың жағдайын қарап, қорытынды жасады. Толықтай сау деген! Бұл сараптама - шындықты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам", - деді ол.

Ақмарал Басирова бұл жайтқа байланысты әділдікті талап етті.

Еске салайық, бұған дейін балаларға үй берілетіні хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар