"Қазақстан экономикасына қандай реформа қажет". Тура осындай тақырыппен Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановның зерттеу материалы жарияланды. Сарапшы өз материалында келтірілген өзекті мәселелерді ашық талқылайтын уақыт жеткенін, экономикаға өзгеріс енгізу ауадай қажет екенін айтады. Ал оның бәрі, айналып келгенде, саясатта өзгерістер жасауды талап етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өз зерттеуінде Мұрат Темірханов ел экономикасы үшін реформаның екі негізгі бағытын ұсынады:
- ЭЫДҰ елдеріндегі сияқты толыққанды нарықтық экономиканы құру
- Экономиканың мұнай бағасына тәуелділігін азайту және "ресурстық қарғысты" еңсеру.
Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сәйкес, толыққанды нарықтық экономиканы биліктің тармақтарға нақты бөлінуі, заңның үстемдігі, жеке меншік, жалпыға бірдей сайлау құқығы, адам құқығы және саяси еркіндік сынды элементтерді қамтитын либералды демократиясыз өрістету мүмкін емес. Ол қазіргі уақытта Қазақстанда Ұлттық қорда жиналған мұнай сатудан түсетін үлкен кіріске әбден арқа сүйеген, еңбек және басқа ресурстарды бөлуді "қолмен басқаратын", мемлекет қаржысына қоғамдық және парламенттік бақылаудың әлсіреген "мемлекеттік капитализм" деп аталатын экономикалық жүйе қалыптасып отырғанын баса айтады.
"Мұндай әміршілдік-әкімшіл экономикалық жүйе Қазақстанда соңғы 15 жылда байқалған экономикалық өсімнің сапасыздығына әкелді және негізгі салалардың ішкі жалпы өніміне қосқан үлесі экономиканы технологиялық әртараптандыру мен прогрестің жоқтығын көрсетеді", - дейді ол.
Мұхат Темірханов елдегі инвестициялық және іскерлік ахуалды айтарлықтай нашарлататын салықтық әкімшілендірудің репрессиялық және сыбайластық сипатын дереу жою қажет екенін де айтады.
"Қазір Парламентте жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің жобалары қаралып жатыр. Біздің ойымызша, екі құжатта да Қазақстанның фискалдық саясатындағы түбегейлі реформалар әлі толық көрсетілмеген", - дейді ол.
Сондай-ақ өзінің негізгі функциясы – бизнесті және Қазақстан экономикасын несиелеуді орындамай отырған банк секторы мен бағалы қағаздар нарығына қатысты сарапшы мынандай ұсыныстарды алға тартады:
"Банктердің бизнесті несиелендіру көлемінің өсуіне кері әсер ететін тағы бір үлкен мәселе – жеңілдікті мемлекеттік несиелеудің жосықсыз бәсекелестігі. Ұлттық банктің "2030 жылға дейінгі ақша-несие саясаты стратегиясында" және ҚНРДА әзірлеген "Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында" да бұл мәселе талқыланады, бірақ бүгінгі күнге дейін мәселенің шешімін ұсынатын бірде-бір ресми тұлға жоқ. Біздің ойымызша, бірте-бірте емес, бірден нарықтық мөлшерлемеден төмен мөлшерлеме бойынша кәсіпорындар мен үй шаруашылығын несиелеуді дереу тоқтату керек. Сонымен қатар, мемлекет бизнеске пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі көмекті тоқтатуы керек деп ойламаймыз. Егер мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы экономиканың белгілі бір саласына көмектескісі келсе, онда ол мұны қаржы жүйесіндегі нарықтық қатынастарды бұзбай-ақ жасай алады. Ол үшін мемлекет мемлекеттік бюджеттен тікелей қарыз алушыға нарықтық пайыздық мөлшерлемені субсидиялауы керек немесе бұл субсидияны компанияның тұрақты салық төлемдерінен шегеруге болады. Бизнесті нарықтық несиелендіруді кеңейту үшін "Бәйтерек" ҰБХ құрамына кіретін даму институттарының рөлі мен мақсаттарын қайта қарау қажет деп санаймыз".
Зерттеудің толық нұсқасымен мына арадан таныса аласыздар.