Қазақстан ОПЕК+ келісіміне адалдығын растайды - Энергетика министрлігі

Кәмшат Тілеухан 04 ақп. 2025 09:57 456

Қазақстан 2025 және 2026 жылдары өз міндеттемелерін орындайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ОПЕК+ отырысынан кейін мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.

"Қазақстан ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің кешегі 58-ші отырысы аясында ОПЕК+ келісіміне адалдығын растайды. Қазақстан 2025 және 2026 жылдары өз міндеттемелерін орындау және 2024 жылға артық өндірісті өтеу үшін қажетті шараларды қабылдайды", деп мәлімдеді министрліктен.

Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның іске қосылуына байланысты биыл өндірістің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде міндеттемелерді сақтаудың маңыздылығын растайды және халықаралық құқық шеңберінде әріптестермен келіссөздер жүргізетіні де нақтыланады. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның мұнай өндірісінің шекті көлеміне қатысты бұзушылықтарды өтеу бойынша жаңа кесте ұсынатыны хабарланған болатын.  ОПЕК + Бірлескен министрлік мониторинг комитеті отырысында өндірісті қосымша қысқартуды қоса алғанда, ҚР келісімдеріне бейілділікті жақсартуды құптады (елдер 8-ші қатысушы елдермен бірге квоталарға қосымша қысқартуларға қатысады).   ОПЕК + Альянсының комитеті де қазіргі мұнай саясатын өзгертпеуге шешім қабылдады.

ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитеті дүйсенбідегі отырысында Қазақстан мен Ирактың келісімдерге бейілдігін, оның ішінде өндіріс көлемін қосымша қысқартулар бойынша өз міндеттемелерін орындауды жақсартқанын құптады. Сонымен қатар, ОПЕК + елдерінің министрлері кеңес барысында альянстың "еріктілерінің" ерікті түрде қысқарту жоспарын түзетуі (өндірісті біртіндеп ұлғайту, 1 сәуірге ауыстыру) әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Bloomberg агенттігі Ресей Федерациясының вице-премьері Александр Новак отырыста ОПЕК+ қазіргі саясатты ұстануы керек деп мәлімдегенін хабарлады. Тараптар мониторинг комитетінің отырысы барысында 2026 жылдың соңына дейін әрекет ететін мәміле аясында өз міндеттемелерін ары қарай ұстанатынын тағы да растады. Альянстың келесі отырысы 5 сәуірде өтеді.

Бұл арада мынандай екі үлкен мәселеге тоқтала кетелік. Біріншіден, ОПЕК+ өз келісімі шеңберінде альянсқа мүше елдерден мұнайды шектеп өндіруді талап етіп келеді. Осылайша олар мұнайдың жоғары бағасын қамтамасыз етуге тырысады. Соған сәйкес, арнайы кесте де жарияланған. Қазақстан бұл кестені аракідік бұзып отырады, бірақ алдағы өндірісті қысқарту арқылы оның орнын толтырумен келеді. Алайда биыл жыл басында Теңіздегі жаңа жобаның іске қосылуы, мұнай өндірісінің көлемін арттыру бойынша жоспарын жариялағанда кейбір сарапшылар Қазақстан ОПЕК-тен шығып тынуы мүмкін деген еді. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл олай болмады. Ендеше Қазақстан әлі де мұнайды шектеп өндіруге мәжбүр болмақ. Бюджет тапшылығына ұрынып отырған Қазақстан үшін бұл жақсы жағдай емес. Бүйте берсе, бизнеске салынатын қосымша құн салығы, ақыры жыл соңына дейін өсіп тынуы да ғажап емес...

Екіншіден, АҚШ президенті Дональд Трамп араб елдерінен мұнай өндірісін ұлғайтуды талап ету арқылы әлемдік бағаны "құлатуды" көздеуде. Алайда, осы жиналыстан белгілі болғандай, ОПЕК+ қазіргі мұнай саясатын өзгертпеу туралы шешім қабылдады. Демек, Трамптың өтініші бұл арада ескерілмеді десе де болады. Мұның арты жақсы болмасы анық. Бұл өз алдына Dalanews.kz талқылар бөлек тақырып...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар