АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын бейбіт жолмен шешу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді. Ол бұл туралы 23 қаңтарда, бейсенбіде Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумына бейнебайланыс арқылы шығып, сөйлеген сөзінде айтты. Сонымен қатар Трамп "Ресейді Украинаға қарсы соғыста сенімді етіп отырған мұнайдың қазіргі жоғары бағасы" деген пікір білдірді. Сондықтан ол форумға қатысушы араб елдерін әскери іс-қимылдарды тезірек аяқтау үшін мұнай бағасын төмендетуге шақырды, деп жазады Dalanews.kz.
"Сауд Арабиясы мен ОПЕК-тен мұнай бағасын төмендетуді сұраймын. Бағаны түсіру керек! Егер баға төмендесе, Ресей мен Украинаның соғысы аяқталды дей беріңіздер", - деп CNN АҚШ президенті сөзін келтіреді.
Қазіргі уақытта мұнайдың бір баррелі шамамен 80 долларды құрайды. Трамптың осы мәлімдемесінен кейін ол бір долларға жуық құнын тағы жоғалтты. Қазіргі уақытта әлемдік биржада Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 78, 05 доллардан саудалануда. Ал екі күн бұрынғы АҚШ президенті мәлімдемесінен кейін бұл реттегі баға 80-нен 79 долларға түскен еді.
Путинмен кездесу жайлы
Сонымен қатар Трамп жақын арада Украинадағы соғысты аяқтау үшін Ресей президенті Владимир Путинмен кездескісі келетінін айтты.
"Мен бұл соғысты тоқтату үшін президент Путинмен тезірек кездескім келеді. Бұл экономика немесе басқа жағдай да тұрғысынан емес. Бұл миллиондаған адамдардың өмірі ысырап болу тұрғысынан маңызды", - деп түсіндірді ол.
Трампқа "келесі жылғы саммитте тағы осылай сөз алған кезінде Ресей мен Украина бейбіт келісімге келіп үлгереді деп ойлайсыз ба" деген сұрақ қойылды.
"Бұл туралы Ресейден сұрағаныңыз жөн, Украина мәміле жасауға дайын", - деп жауап берді АҚШ президенті.
Ол Киев пен Мәскеудің ықтимал келіссөздері туралы егжей-тегжейлі басқа ештеңе айтпады.
АҚШ президенті Қытай өзіне Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға көмектеседі деп үміттенетінін жеткізді. Ол Пекин мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас "өте жақсы" екенін айтты.
"Қытайдың Ресейге соғысты дереу аяқтау үшін ықпал етуге күші жеткілікті. Біз мұны Қытаймен бірге жасаймыз", - деді Трамп.
Америка экономикасына жасалатын инвестициялар
Сонымен қатар өз сөзінде Трамп Америка экономикасына ірі шетелдік инвестициялар құйылғалы жатқанын айтты.
"Менің бұл реттегі месседжім ап-анық: келіңіздер, өз тауарларыңызды Америкада өндіріңіздер. Әйтпесе, импортталатын өнімдерге баждар енгізіледі. АҚШ - жұмыс орындарын құру және жаңа зауыт-фабрикалар салу үшін ең қолайлы орын. Халықаралық компанияларға салынатын корпоративтік салықты 15%-ға түсіреміз", - деді ол.
Трамп Сауд Арабиясы АҚШ-қа 600 миллиард доллар инвестиция салуға әзір екенін жеткізді. Бірақ, Америка президентінің пікірінше, бұл санды триллионға дейін дөңгелектеу керек, өйткені сол кезде АҚШ Сауд Арабиясына "өте мейірімді" болады.
Айта кетсек, екі күн бұрын Трамп 1 ақпаннан бастап барлық қытай тауарларына 10 пайыздық баж салығын енгізуді қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Сол секілді Мексика мен Канада импорттарына 25 пайыздық баж салығын енгізу жайы да ескертілген.
Зеленский Трампты қолдады
Бұл мәлімдемелерден кейін іле-шала Украина президенті Зеленский Telegram арнасында Трампты қолдап, жазба жариялады.
"Энергетикалық ресурстар, соның ішінде мұнайға қатысты шектеудің көмегімен келіссөздер үстел басына отырғызу үшін Ресейге жасалмақ қысым "бейбітшілікке, шынайы қауіпсіздікке апаратын маңызды жолдың бірі", делінген жазбада.
Ресей позициясы
Ал бір күн бұрынғы Ресейге тікелей қарата айтқан Дональд Трамптың сөзіне Мәскеудің қысқаша жауабы былай болып еді: "Санкциялар жайлы ескертулерге келетін болсақ, бұл арада қандай да бір жаңалық жоқ, ол бұрыннан бұл әдістерді ұнатады, Ресей тең құқықты және өзара құрметке негізделген диалогқа дайын".
Негізі, Владимир Путин желтоқсан айында Батыстың Ресейді стратегиялық тұрғыда тұқырту, соның ішінде экономикасына қатысты жоспары сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеген. Санкцияларды жою - Ресей президентінің маусым айында атысты тоқтату және келіссөздерді бастау үшін айтқан шарттарының бірі. Сондай-ақ, сол кезде Путин Трамппен сөйлесуге дайын екенін мәлімдеген. Киевпен келіссөздерге келетін болсақ, Мәскеу қауіпсіздік кепілдігі берілсе ғана бұған баратынын айтқан.