Алматы қаласының тергеу соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасының мерзімін 18 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде оның адвокаты Радмир Өтепов мәлім етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызынан бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Бұған дейін Бас прокуратура оның аса ірі көлемдегі қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында бейнематериалдар жариялады деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев ағаш кесу жұмыстарын өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған. Сонымен қатар бұл жұмыстарға әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы адамдар тартылған деген болжам бар.
Ал қоғам белсендісінің жақтастары оған қатысты қозғалған қылмыстық істі қолдан ұйымдастырылған деп есептеп, бұл істің саяси астары болуы мүмкін екенін айтып келеді.