Қазақстандықтардың нақты табысы кейінгі бір жылда алғаш рет өсім көрсетті

Қазақстандықтардың нақты табысы кейінгі бір жылда алғаш рет өсім көрсетті
Фото: alash.kz

Қазақстандықтардың нақты табысы кейінгі бір жыл ішінде алғаш рет оң көрсеткіш көрсетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін талдау қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің дерегінше, халықтың нақты ақшалай кірісі 0,1%-ға артқан. Бұл аз көрінгенімен, кейінгі 12 айдағы құлдыраудан кейінгі алғашқы оң динамика болып отыр. Оған негізгі себеп - елдегі инфляцияның, соның ішінде күнделікті тұтыну тауарлары бағасының біртіндеп тұрақтануы. Жылдық инфляция деңгейі жыл басынан бері бәсеңдеп, маусым айында 10,3%-ға дейін төмендеген.

"Бұрынғысынша, азаматтардың бақуатты өмірінің негізгі көзі - жалдамалы жұмыс. Одан түсетін табыс халықтың жалпы ақшалай кірісінің шамамен үштен екі бөлігін (60-70%) құрайды. Дегенмен, еңбекақы деңгейі экономиканың әр саласында әртүрлі", - деп атап өтті Ұлттық экономика министрлігіндегілер.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі мына салаларда байқалған:

  • Ауыл шаруашылығы;
  • Қаржы және сақтандыру қызметі;
  • Көлік және қоймалау;
  • Өңдеу өнеркәсібі.

Сарапшылардың пікірінше, инфляция ауыздықталса, халықтың сатып алу қабілеті алдағы уақытта да арта бермек.