Әскерде қаза тапқан сарбаздардың туыстары қорғаныс министрімен кездесті

Әскерде қаза тапқан сарбаздардың туыстары қорғаныс министрімен кездесті
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскери қызметін атқару кезінде қаза тапқан және ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің жақындарымен кездесті. Министр әрбір жағдайды жеке қарап, ұсынылған материалдарды мұқият зерделеуге уәде берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

29 қазанда өткен кездесуге әр жылдары әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған әскери қызметшілердің туыстарынан құрылған бастамашыл топ қатысты.

Азаматтарды қабылдауға бас әскери прокурор мен Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының өкілдері де шақырылды.

Кездесу барысында әскери қызметшілердің жақындары өздерін алаңдатқан мәселелерді көтеріп, тиісті мемлекеттік органдарға өтініштерін жеткізді.

Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қолдау көрсету және олардың өтініштеріне жауап беру маңызды екенін атап өтті.

"Қорғаныс министрлігі қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасының қайғысына ортақтасып, туыстарының өтініштеріне түсіністікпен қарайды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, нақты жауап беріледі", – деді ведомство басшысы.

Министр әскери қызметшілерге қатысты әрбір жағдайдың мән-жайын жеке зерделеуге дайын екенін жеткізді.

Оның айтуынша, туыстары ұсынған құжаттар мен өзге де материалдар назардан тыс қалмайды.

Кездесу соңында Айдос Мырзахметов барлық өтінішті мұқият қарап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауап берілетінін мәлімдеді.