Бүгінде балалар контенті туралы айтқанда көпшіліктің ойына мультфильмдер мен телебағдарламалар ғана келеді. Алайда цифрлық дәуірде бұл ұғым әлдеқайда кең мағынаға ие болды. Баланың күнделікті тұтынатын видеолары, ойындары, әлеуметтік желідегі парақшалары, аудио-ертегілері мен білім беру платформалары оның дүниетанымын қалыптастыратын маңызды құралға айналды. Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың пікірінше, балалар контенті енді тек ойын-сауық индустриясының мәселесі емес, елдің адами капиталын дамытуға әсер ететін стратегиялық бағыт ретінде қарастырылуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
– Бұрын балалар контенті дегенде мультфильм мен телебағдарламаларды ғана айтатынбыз. Қазір жағдай өзгерді. Бала теледидар алдында емес, цифрлық ортада өсіп жатыр. Оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне YouTube, TikTok, компьютерлік ойындар, подкасттар мен түрлі платформалар айналды. Сондықтан балалар контенті туралы әңгіме тек медиа емес, болашақ ұрпақтың дүниетанымы туралы әңгіме болуы керек, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Соңғы жылдары отандық анимация өндірісі дамып, қазақ тіліндегі жобалардың саны артып келеді. «Балапан» арнасының жұмысы, жеке шығармашылық студиялардың пайда болуы және әлемдік мультфильмдердің қазақ тіліне дубляждалуы маңызды қадамдардың бірі болды.
Дегенмен, сарапшы қазіргі жетістіктерді толыққанды индустриядан гөрі жекелеген табысты бастамалардың жиынтығы ретінде бағалайды.
– Қазіргі таңда жақсы жобалар бар. Бірақ олар әлі де жүйелі түрде қалыптасқан үлкен индустрия деңгейіне жеткен жоқ. Оның үстіне біздің басты бәсекелесіміз басқа телеарналар емес. Бүгінгі баланың назарын жаулап алу үшін миллиардтаған қаржы жұмсайтын халықаралық цифрлық платформалармен қатар жұмыс істеуге тура келеді, – дейді Жазира Асанова.
Қазақ тіліндегі контент жеткілікті ме?
Сарапшының пікірінше, бұл сұраққа нақты жауап беруге болады.
– Егер ашық айтсақ, қазақ тіліндегі балалар контенті әлі жеткіліксіз. Бірақ мәселе тек санында емес. Қазақша контент баланың күнделікті цифрлық өмірінің табиғи бөлігіне айнала алмай отыр. Бала контентті тіліне қарап таңдамайды. Ол өзіне ұнаған кейіпкерді, қызықты оқиғаны немесе ойынды таңдайды. Егер сол кейіпкер қазақша сөйлесе, қазақ тілі бала үшін өмірдің табиғи тіліне айналады, – дейді ол.
Сарапшы келтірген деректерге сәйкес, қазақстандық YouTube сегментіндегі балалар контентінің небәрі 3 пайызы ғана қазақ тілінде болса, орыс тіліндегі контенттің үлесі шамамен 75 пайызды құрайды.
Оның айтуынша, қазақ тіліндегі контентті тек мультфильмдермен шектеуге болмайды. Бұл қатарға әндер, аудиоертегілер, танымдық бағдарламалар, ғылыми-көпшілік видеолар, мобильді қосымшалар, подкасттар, комикстер мен YouTube жобалары да кіреді.
– Тілдің тағдыры тек мектеп бағдарламасындағы сағат санымен шешілмейді. Тіл баланың өз еркімен тұтынатын контентінде өмір сүруі керек. Ол қызық көрген кейіпкердің, сүйікті блогердің немесе ұнатқан ойынының тіліне айналғанда ғана дамиды, – дейді сарапшы.
Балалар нені көреді?
Қазіргі балалардың медиа тұтыну мәдениеті де түбегейлі өзгерген.
– Бүгінгі балалардың әлемі қысқа видеолардан, ойын платформаларынан, блогерлер мен стримдерден тұрады. Бірнеше минут ішінде ондаған видеоны қарап үлгереді. Мұндай ақпараттық ағын олардың зейініне де әсер етеді, – дейді Жазира Асанова.
Оның пікірінше, мәселе баланың қандай контент көріп отырғанында ғана емес, оны қалай тұтынып жатқанында жатыр.
Сарапшы Roblox, Minecraft секілді платформалардың да қарапайым ойыннан әлдеқашан асып кеткенін айтады.
– Бұл ойындардың өз мәдениеті, өзара қарым-қатынас үлгілері бар. Бала мұнда ынтымақтастықты да үйренеді, кейде жағымсыз мінез-құлық үлгілерін де көреді. Сондықтан сапалы қазақ тілді контент дәл осы балалар уақыт өткізетін кеңістіктерде болуы қажет, – дейді ол.
Отандық контенттің мүмкіндігі қандай?
Сарапшы қазақстандық жобалардың шетелдік өнімдермен бәсекелесе алатынына сенімді.
– Бізге біреуді қайталаудың қажеті жоқ. Қазақстанның өз тарихы, өз фольклоры, өз кейіпкерлері бар. Алдар Көсе, Ер Төстік, Желаяқ сияқты образдар қазіргі заманғы сериалдар мен ойындарға негіз бола алады. Абай, әл-Фараби, Томирис секілді тарихи тұлғаларды балаларға жақын форматта таныстыруға мүмкіндік мол, – дейді ол.
Жазира Асанованың пікірінше, балалар контенті тек мәдени жоба емес, креативті экономиканың маңызды бөлігі болуы тиіс.
– Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне қарасақ, бірнеше онжылдық ішінде олардың контенті бүкіл әлемге тарады. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Мемлекет креативті индустрияны дамытуға жүйелі қолдау көрсетті. Қазақстан үшін де балалар контенті ұлттық мәдениетті дәріптеудің және болашақта экспорттық өнім қалыптастырудың маңызды бағыты бола алады, – дейді сарапшы.
Жасанды интеллект жаңа мүмкіндік бере ме?
Соңғы жылдары контент өндірісіне жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіліп жатыр. Сарапшы мұны қазақ тіліндегі балалар контентін дамыту үшін үлкен мүмкіндік деп санайды.
– Бұрын анимация жасау үшін үлкен студия мен қомақты қаржы қажет болатын. Қазір жасанды интеллекттің көмегімен шағын топтар да сапалы өнім шығара алады. Бұл әсіресе қазақ тіліндегі контент өндірушілер үшін маңызды мүмкіндік, – дейді ол.
Сонымен бірге сарапшы технологияның өзін мақсатқа айналдырмау қажеттігін де ескертеді.
– Жасанды интеллект құрал ғана. Нәтиже оны қолданатын адамның көзқарасына байланысты. Бізде технологиядан да маңызды дүние бар. Ол – тарихымыз, мәдениетіміз және ұлттық кодымыз. Мұны ешқандай алгоритм алмастыра алмайды, – дейді Жазира Асанова.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан алдында тұрған басты міндет – балаларды цифрлық ортадан алыстату емес, сол ортаны сапалы әрі қызықты қазақ тіліндегі контентпен толтыру. Өйткені бүгінгі бала экран арқылы әлемді танып жатыр, ал ертеңгі қоғамның келбеті сол кеңістікте қалыптасады.