Қостанайда пойыз вагонына шығып суретке түспек болған жасөспірімді ток соқты

Қостанайда пойыз вагонына шығып суретке түспек болған жасөспірімді ток соқты
ЖИ: Dalanews.kz

Қостанай қаласында пойыз вагонына шығып суретке түспек болған жасөспірім жоғары кернеулі тоққа түсіп, ауыр жарақат алды. Осы оқиғадан кейін оның заңды қамқоршысы кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша азамат Б.-ға қатысты істі қарады. Сот материалдарына сәйкес, 2010 жылы туған жасөспірімнің қамқоршысы болып табылатын азамат Б. баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген.

2026 жылғы 25 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында жасөспірім Қостанай станциясындағы Оңтүстік теміржол паркінің аумағында болған. Іс материалдарына сәйкес, ол суретке түсу мақсатында байланыс желісінің астында тұрған пойыз вагонының төбесіне шыққан. Сол сәтте жоғары кернеулі электр тогына түсіп, ауыр жарақат алған.

Дәрігерлер баладан денесінің 60 пайызын қамтыған III дәрежелі күйіктен болған шокты, сондай-ақ мұрны мен тілінің соғылып жарақаттанғанын анықтаған.

Сот отырысында азамат Б. өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, жасөспірімнің анасы қайтыс болғаннан кейін жиеніне заңды қамқоршы болған. Сот оны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 43 250 теңге көлемінде айыппұл салды. Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.