Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жаңа магистраль салынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аумақтардың көлік байланысын жақсарту мақсатында Баймағамбетов көшесі, Құлжа тасжолы, Бұқтырма көшесі және Рысқұлов даңғылы шектейтін аумақта жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жаңа жолдар салу жоспарланып отыр.
Қала әкімдігі мәліметінше, Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылын жалғайтын жаңа магистраль алты жолақты болады. Оның ені - 50 метр, ұзындығы - 4,6 шақырым.
"Бұл жолды салу Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көлік қолжетімділігі артып, қаланың көше-жол желісінің өзара байланысы жақсарады, сондай-ақ, Алматы мен агломерациядағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тиімділігі күшейеді", - деп жазылған хабарламада.

Жоспарланған магистраль жеке тұрғын үй секторы арқылы өтетіндіктен, мемлекеттік қажеттілік үшін шамамен 200 жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу көзделген. Осыған байланысты қала әкімдігі тиісті қаулы қабылдап, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарлама жолдаған.