Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың шамамен 70%-ын тартып, өңірдің негізгі инвестициялық орталығына айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, 300 млрд доллардан асты. Ал жинақталған таза тікелей шетелдік инвестиция көлемі 150 млрд доллардан асып, бұл көрсеткіш Орталық Азияға тартылған инвестициялардың шамамен 70%-ын құрады.
2026 жылы Қазақстанға 25 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту және негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 31,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті қойылған.
Үкімет жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңесте Қазақстанның халықаралық бизнес үшін негізгі артықшылықтарын одан әрі күшейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін құқықтық жүйені жетілдіру, мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз ету, инвесторлармен тұрақты диалог орнату және заманауи цифрлық ортаны дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Сондай-ақ цифрлық экономика мен жасанды интеллект бағытындағы жобаларды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қазақстанда Цифрлық кодекс, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік туралы заңдар қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы іске асырылуда. Сонымен қатар деректерді өңдеу инфрақұрылымы дамып, жасанды интеллект саласындағы ауқымды жобалар қолға алынған.
Үкіметтің бағалауынша, бұл шаралар жоғары қосылған құны бар жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік беретін заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастырады. Осылайша, Қазақстан ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі сенімді алаң ретіндегі ұстанымын сақтап қалуды көздеп отыр.