Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда компанияларға ру атауын беруге тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда компанияларға ру атауын беруге тыйым салынуы мүмкін
ChatGPT/Forbes

Қазақстанда компаниялар мен қоғамдық бірлестіктерді тіркеу кезінде қазақ рулары мен жүздерінің атауларын пайдалануға заңмен шектеу қою ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай көтерді. Оның пікірінше, бұл тәжірибе қоғамды руға бөліп, алауыздық тудыруы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Шаруа қожалықтарынан бастап..."

Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары шаруа қожалықтары, серіктестіктер мен түрлі кәсіпорындарға қазақ руларының атауын беру жиілеген. Заңды тұлғалардың мемлекеттік базасындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда осындай атауы бар 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдары құрылған.

Сүгірбай өз руын білу тарихи жадты сақтап, ата-бабаны құрметтеу үшін маңызды екенін айтты. Алайда ол ру мүддесі ұлттық құндылықтар мен мемлекеттілік идеясынан жоғары тұрмауы керек деп санайды.

Депутат қандай ұсыныс жасады?

Депутаттың пікірінше, кәсіпорындарға ру атауын беру руаралық қақтығыстарға да себеп болуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір компанияның жұмысы немесе өнімі сынға ұшыраса, наразылық сол рудың өкілдеріне де бағытталуы ықтимал. Бұл қоғамда жершілдік пен топқа бөлінуді күшейтеді.

Қазір заңнамада заңды тұлғаларды тіркеу кезінде қазақ рулары мен жүздерінің атауын пайдалануға тікелей тыйым салынбаған. Осыған байланысты Сүгірбай заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіп, мұндай ұйымдарды тіркеуге шектеу қоюды ұсынды. Ол Әділет министрлігінен бұл мәселені қарастыруды сұрады.