"Бұрғыла, жаным, бұрғыла!". Трамп айтты, ТШО орындады!

Кәмшат Тілеухан 24 қаң. 2025 16:33 2209

Бүгін, 2025 жылы 24 қаңтарда "Теңізшевройл" ЖШС (ТШО) Теңіз кен орнындағы жаңа Үшінші буын зауытында (ҮБЗ) шикі мұнайды қауіпсіз өндіруді бастап, өзінің Келешек кеңею жобасын іске қосты. Осылайша бұған дейін мұнайды шектеп өндіріп келген (ОПЕК+ келісімдері шеңберінде) Қазақстан тізгінді бос жіберді, деп жазады Dalanews.kz.

ТШО ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше,Теңіздегі шикі мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына тағы да 12 миллион тоннаға ұлғаяды деп күтіледі, ал барлық өндiрiстiк нысандар толық iске қосылғаннан кейiн, мұнай өндірудің жалпы жылдық көлемі шамамен 40 миллион тоннаны құрап қалады. Мұнай саласы бойынша сарапшы-маман Олжас Байділдинов бұған Дональд Трамптың арабтардан мұнай өндірісін ұлғайтуды сұраған Давостағы мәлімдемесі түркі деген болжамды айтады.

"Президент тапсырмасы деген осылай орындалу керек! Теңізшевройл "Келешек кеңею жобасы" шеңберінде 48,5 млрд доллардың мұнайын өндіруге жең түре кірісіп кетті. Иә, Трамптың өзі айтты емес пе: "Бұрғыла, жаным, бұрғыла" деп. Айтқаны сол екен, ТШО жобасында 75% үлеске ие америкалық Chevron және ExxonMobil компаниялары келесі күні мұнай өндірісі көлемін арттыруға кірісті. Президент айтты, компаниялар/субъектілер орындады. Жиналыс деген де жоқ, бұйрық-жарлық деген де жоқ, Жол картасы деген де жоқ. Әне қалай, америкалықтардан үйрену керек! ОПЕК + бұл үшін Қазақстанның басын сипай қоймасы анық, бірақ кім оған бас қатырады дейсің? Олардың өз президенті бар. Қазақстан үшін бұл, әрине, жақсы. Бізге салықтан көбірек табыс түседі. Тек мұнай бағасына бірдеме болып қалмаса, енді...", деп жазады экономикалық сарапшы Олжас Байділдинов.

Бұған дейін сайтымызда "Сарапшы-маман: Мұнай арзандаса рубль девальвацияға ұшырайды,теңгеге де оңай болмайды" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар