Ақмола облысында жолаушылар автобусының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 адам жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 14 маусым күні сағат 13:10 шамасында Щучинск – Бурабай автожолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Астанадан Бурабай курорттық аймағына демалушыларды тасымалдап келе жатқан Volvo маркалы автобус қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан Changan автокөлігімен соқтығысып, кейін жол жиегіндегі ағашқа барып соғылған.
Жол апатының нәтижесінде 11 адам түрлі жарақат алған. Оның ішінде тоғыз адам автобус жолаушысы болса, тағы екі адам Changan көлігінде болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 300-ден астам автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары қоғамдық көлік жүргізушілерін жолда барынша мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.