Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде қабылдануымен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президенттің айтуынша, бұл тарихи оқиға Геннадий Головкиннің әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
«Бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді», – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді Қазақстанның мақтанышы әрі халықаралық спорт қауымдастығындағы елшісі деп атады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үздік боксшыларының бірі атанған спортшының жетістігі жас буынға үлгі болатынын атап өтті.
Президенттің пікірінше, Головкиннің жеңісті жолынан шабыт алған қазақстандық жас спортшылар алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра береді.