Freedom Inside '26

Мұнай дәуірінен кейін Қазақстанды не күтіп тұр? Ғазиз Әбішев жаңа экономикалық бағыт туралы айтты

Мұнай дәуірінен кейін Қазақстанды не күтіп тұр? Ғазиз Әбішев жаңа экономикалық бағыт туралы айтты
ЖИ: Dalanews.kz

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев алдағы онжылдықтарда мұнайдың Қазақстан экономикасындағы маңызы біртіндеп төмендей беретінін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның пікірінше, бұрынғыдай қомақты мұнай кірістеріне сену мүмкін болмайды. Сондықтан елге экономиканың жаңа қозғаушы күші қажет.

Сарапшы туризм мен креативті индустриялар белгілі бір деңгейде пайда әкелгенімен, олар Қазақстан экономикасының негізгі тірегіне айнала алмайтынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының өзі әлемдегі ірі аграрлық мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінде бірнеше пайыз ғана үлеске ие. Ол көбіне қосалқы қызмет атқарады», – дейді Әбішев.

Оның айтуынша, Қазақстан жоғары қосылған құны бар қуатты өндірістерді дамытуға басымдық беруі тиіс. Бұл ретте ХХ ғасыр технологияларына негізделген ірі өңдеу кәсіпорындары мен машина жасау зауыттары ғана емес, ХХІ ғасырдың роботтандыру және жасанды интеллект бағыттары да маңызды рөл атқарады.

Саясаттанушы Қазақстанның қазірдің өзінде жаңа технологияларға бет бұра бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, осы аптада премьер-министр Олжас Бектенов NVIDIA корпорациясының вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird жобасының тең құрылтайшылары – бас директор Размик Овакимян мен Александр Есаянмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған. Әбішевтің пікірінше, Қазақстан халықаралық жасанды интеллект экожүйесіне қосылуға ұмтылып отыр, ал цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналған.

Ол Firebird және NVIDIA компанияларымен жалпы құны 10 миллиард доллар болатын келісімдер жасалғанын еске салды. Соның аясында Екібастұзда трансұлттық корпорациялар қалыптастырып жатқан жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде деректерді өңдеу орталықтарының алқабы салынбақ.

Сарапшының айтуынша, Екібастұздың таңдалуы заңды. Өйткені қалада электр энергиясының қоры жеткілікті, өндірістік база қалыптасқан және білікті кадрлық әлеует бар.

Ғазиз Әбішев мұндай жобаларды жүзеге асыру ұзақ әрі күрделі жұмыс екенін айтты. Оның сөзінше, технологиялар өте жылдам дамып жатқандықтан, мемлекет үздіксіз жаңғыруға дайын болуы керек.

«Деректерді өңдеу орталықтары майнинг фермаларына қарағанда әлдеқайда тиімді. Егер Қазақстан тұрақты серіктес ретінде өзін көрсете алса, яғни басымдықтарын жиі өзгертпей, шетелдік инвесторлардың бизнесіне кедергі келтірмесе, халықаралық корпорациялар мен стартаптар үшін тартымдылығы арта түседі», – деп жазды ол.

Сарапшы мұндай қадамдар мұнай өндіру көлемі мен мұнай-газ кірістері төмендейтін кезеңнен ауыртпалықсыз өтіп қана қоймай, жаңа экономикалық модельге көшудің мүмкіндігін беретінін атап өтті.

Оның пікірінше, алдағы бірнеше онжылдықта адамзаттың дамыған бөлігі физикалық еңбекті барынша азайту, жоғары базалық табыс қалыптастыру, ғарышты интеллектуалды машиналардың көмегімен игеру, сондай-ақ энергетика, экология және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу деңгейіне жетеді.

«Осы дамыған қоғамның бір бөлігі болу үшін көп күш салу қажет. Ашық ойлайтын, жылдам шешім қабылдайтын және үлкен мақсат қоя білетін қазақтар мұндай жетістіктерге жете алады. Ең бастысы – даму қарқынын жүйелі түрде үдету», – деді Ғазиз Әбішев.