«Нұрлы жол – Орал» бағытындағы №57 жолаушылар пойызында жолаушының жағдайы күрт нашарлап, кейін қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 14 маусым күні кешке пойыз Курорт-Бурабай станциясына жақындаған кезде болған. №19 вагонда келе жатқан жолаушы Қ.П. Таубаевтың денсаулығы сыр бергенін байқаған жолсерік бұл туралы бірден пойыз бастығына хабарлаған.
Пойыз бастығы локомотив машинисі арқылы жедел медициналық көмек шақырған. Марқұмның жұбайының айтуынша, ол жүрегіне жасалған операциядан кейін емханадан үйіне қайтып бара жатқан.
Жедел жәрдем бригадасы Курорт-Бурабай станциясында пойызға көтеріліп, жолаушыны тексерген. Дәрігерлер қан қысымын өлшеп, көктамыр арқылы дәрі енгізген. Алайда көп ұзамай ер адам есінен танып қалған.
Сағат 00:30 шамасында жедел жәрдем қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын тіркеді.
Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін Көкшетау станциясында түсірілген.
Оқиғаға байланысты тиісті акт жасалып, оған пойыз бастығы, локомотив машинисі, вокзал кезекшісі, желілік полиция бөлімінің қызметкері және фельдшерлер қол қойған.
Жедел медициналық және тергеу шараларын жүргізуге байланысты пойыз қозғалысы 43 минутқа кешіккен.