Әлемдік БАҚ пен сарапшылар Сауд Арабиясының мұнай өндірісін ұлғайтып, әлемдік нарықтағы бағаны төмендетуі мүмкін екенін айтып, дабыра болуда. Бұған Дональд Трамптың Сауд Арабиясының короліне жасаған үндеуі түрткі. Трамп бағаны құлдырату үшін өндірісті арттыруды сұрап отыр. Оның ойынша, мұнай бағасының арзандауы Ресейдің бюджетіне түсетін түсімді азайтып, Украинадағы әскери қақтығысты доғаруға ықпал етуі мүмкін. Расында, бұл қаншалықты ықтимал жағдай? Мұндайда Қазақстанға қайтпек керек? Бұл туралы мұнай саласының сарапшы маман Олжас Байділдинов ой толғайды, деп жазады Dalanews.kz.
Ол мұнай бағасын төмендету арқылы Ресей армиясының іс-қимылы әлі де жалғасып жатқан Украинадағы соғысты тоқтатуға болады дегенге күмәнмен қарайды. Сөйтіп төменде қысқа-нұсқа өз болжамы мен талдауларын ұсынады:
- ОПЕК+ келісімі аясында бірқатар елдер тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 2 миллионнан астам баррельге шектеп отыр. Бұл көлем Қазақстанның бір жыл бойы өндіретін мұнайына пара-пар. Дегенмен барлық мемлекет бірдей өндірісін шектеп отырған жоқ: мысалы, Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындай бермейтіні айтылып қалып жүр.
- Ал Сауд Арабиясы - өндіріс көлемін айтарлықтай қысқартқан нарықтағы басты ойыншы. Соңғы мәліметтерге қарағанда, корольдік жалпы тәулігіне 1,5 миллионнан астам баррель мұнайды нарыққа шығармай, шектеп отыр.
- Бұған қоса, ОПЕК+ ішіндегі тағы бір маңызды ел – Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) – келісімнің кейбір тұстарымен келіспей отырғаны белгілі. Олар 2025 жылы мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 3,5 млн баррельге дейін жеткізуге қауқарлы, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 млн баррельге арттыру үшін инвестиция салып та жатыр. Салыстыра қарастырсақ, бұл – Қазақстан өндіретін мұнайдан үш есе, ал "ҚазМұнайГаздың" өндірісінен 11-12 есе көп көлем.
- Қазіргі таңда Сауд Арабиясы шамамен тәулігіне 9 млн баррель мұнай өндіреді. Сарапшылардың есебінше, егер олар бұрынғы «ОПЕК-ке дейінгі» деңгейге оралса, тіпті өндірісті одан асырып 12 млн баррельге жеткізуге тырысса, нарық тәулігіне 2-3 млн баррель қосымша мұнаймен толығады.
- Дегенмен мұндай қадам бағаны бірден құлдыратады, бірақ, әрине 40 долларға дейін емес. Өйткені нарықтағы сұраныс пен басқа өндірушілердің әрекеті де бағаның қалыптасуында маңызды рөл атқарады.
- Мұнайдың арзандауы Ресейдің табысына кері әсер етуі мүмкін. Жоқтың орнын толтыру үшін Мәскеу рублі бағамын төмендетуге мәжбүр болады. Кейбір сарапшылар жыл соңына қарай рубльге шаққанда 1 АҚШ доллары 120-150 рубль болуы мүмкін екенін болжайды.
- Мұндайда Қазақстан да зардап шегері сөзсіз. Біріншіден, мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірісін қысқартады. Екіншіден, бас серіктес ел – Ресейдегі девальвация теңгеге де қысым жасайды.
Дегенмен бұл арадағы басты мәселе – "саудиялықтар өндірісті ұлғайта алады ма, шынымен де бұл оларға керек пе?". Бұл тек екі жағдайда мүмкін:
- АҚШ корольдікке Таяу Шығыстағы және өзге аймақтардағы басты мүдделерін қорғауда ауқымды кепілдіктер беруі ықтимал.
- Вашингтон қандай да бір елдің мұнайы нарыққа жетпейтіндей етуге кепілдік беруі мүмкін, мұндайда әлемдік нарықта ұсыныс азайып, болашақта бағаны жоғары ұстап тұруға тұрақты жағдай туар еді. Бұл Ресей немесе Иранның, сол секілді, тіпті Қазақстанның мұнайы да болуы ықтимал.
Әйтпесе Сауд Арабиясының өндірісті өз еркімен арттыруға, өз басым, басқа логикалық негіз көріп тұрғаным жоқ.
"Егер тәулігіне 9 млн баррель өндіріп, оны 80 доллардан сатқанда күніне 720 млн доллар түсім түседі, ал 12 млн баррель болса, онда баға кем дегенде 60 доллар болуы қажет, әйтпесе өндіріс шығынына байланысты таза пайда азаяды. Ал мұнайдың бір баррелі 60 доллар болса, ол Ресейге қатты қысым жасайды деу қисынға келмейді. Ол үшін Ресей келіссөз үстелінің басына бара қоймайды. Қазірдің өзінде батыс елдері Ресей мұнайына 60 доллардан бағалық шектеу қойып тастаған. Ал Сауда Арабиясы және БАӘ-нің мұнай өндірісін ұлғайтуынсыз бағаны төмендету мүмкін бе? Жоқ... Ресей бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіру үшін 40 доллар бағаны 2-3 жыл бойы ұстап тұру керек болады (онда да оны рубль девальвациясы арқылы өтеу ықтималдылығы жоғары)", - дейді сарапшы.
Түйін: бүгіндері Таяу Шығыстың мұнайлы монархиясы АҚШ пен Еуропаның мұнай компанияларымен қолайсыз келісімдерді қайта қарап шыққан 1970-жылдардан бері өздерінің табиғи ресурсқа қатысты саясатын табысты жүргізіп келеді. Содан бері олар өз мұнайы мен нарықтық тетіктерінің толыққанды қожасына айналып, жаһандық мұнай бағасын бақылау арқылы Батыстың өзіне ықпал ететін деңгейге жеткен. Әрі экспорты арқылы мол қаржы тауып, экономикалық қуатын нығайтты. Соның нәтижесінде "Теңізшевройл" сынды халықаралық консорциумдар өндірісті ұлғайта ма, жоқ па , оны Таяу Шығыстағы өндірушілер емес, нарықтың өзі шешетін жағдай туды. Сондықтан бұл арада бәрін, яғни бағаның қандай болатынын, қанша мұнай өндіретінін Сауд Арабиясы мен БАӘ өзі шешеді.
Бұған дейін сайтымызда осы тақырыпқа тиек "Мұнай бағасын түсіру,Путинмен кездесу, Қытайды қолқалау: Трамп Давос форумында не айтты" деген мақала жарияланған болатын.