Атырауда төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты негізгі сот талқылауы басталды. Айыпталушы ретінде сот алдына қаза тапқан отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев келді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін прокурорлар оған айып тақты. Сот отырысында прокурор іс бойынша эпизодтардың бірін – сотталушының әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты деректерді жариялады.
Айта кетейік, бір отбасының мүшелері әр уақытта өлтірілген. Наурыз Мұқанғалиев бір жылдан астам уақыт бұрын Атырау маңындағы Геолог шағынауданында жалға алынған үйде қаза тапқан.
Тергеу мәліметінше, Наурыз Мұқанғалиевтің денесі ұзақ уақыт бойы жер астында жатқан. Ол қылмыс жасалғаннан кейін шамамен 6-8 ай өткен соң ғана табылған.
Іс материалдарына сәйкес, кісі өлтіргеннен кейін Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Ол марқұмның денесін өзі жалға алған Геолог кентіндегі үйдің ауласына көміп тастаған.
Тергеу анықтағандай, сотталушы алдымен шұңқыр қазып, кейін мәйітті сол жерге апарып көмген. Сондай-ақ ол жерленген орынды мұқият жасыруға тырысқан.
"Қылмыс жасағаннан кейін Сәрсемәлиев кездейсоқ куәгерлерге көзге түспеу үшін қараңғы түскенін күткен. Шамамен түн ортасында ол күрек алып, үйінің ауласындағы оңтүстік бөліктен шұңқыр қаза бастаған. Мәйітті көму үшін қазылған орын ғимарат қабырғасының іргетасынан небәрі 60 сантиметр жерде болған. Түнгі сағат үштер шамасында күдікті тереңдігі шамамен бір метр, ені 80 сантиметр болатын қабір қазып бітірген", – деді прокурор сот отырысында.
Қылмыстан кейін Сәрсемәлиев марқұмның жеке заттарын қарап шыққан. Ол оның жеке куәлігін, банк картасын, ұялы телефонын және қолма-қол ақшасын алып кеткен. Із жасыру мақсатында үйдің ішін ретке келтіріп, болған оқиғаға қатысы болуы мүмкін заттардан құтылған.
“Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің денесі жер астында 6 айдан 8 айға дейін жатқан. Осы уақыт ішінде мәйіт тіндерінде айқын шіру өзгерістері болған. Бұл бастапқы зерттеу кезінде өлімнің нақты себебін анықтауды едәуір қиындатқан”, – деді прокурор айыптау актісін жариялау барысында.
Прокурордың айтуынша, қылмыстың ізін толық жасыру үшін Сәрсемәлиев үйдің ішін мұқият жуып, қан іздерін кетірген. Қылмыс құралы болған асүй пышағын, сондай-ақ Наурыз Мұқанғалиевтің денесі оралған кілемді үйдің қарсы бетіндегі қоқыс алаңына апарып, толық өртеп жіберген.