Алматы облысының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады

Алматы облысының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады
instagram.com

Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылының 11 сынып оқушысы Али Лоян Ұлттық бірыңғай тестілеуден  140 баллды толық жинап, жұрт назарын өзіне аударды. Басты білім бәйгесінен сүрінбей өткен талапкер, барлық сұраққа мүдірместен дұрыс жауап берген, деп хабарлайды dalanews.kz "Qonaevtv"-ға сілтеме жасап.

Еңбекшіқазақ ауданындағы Максим Горький атындағы орта мектептің мақтанышы 17 жаста. Талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуде  Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәнін таңдап, шекті балды толық жинады.  Ал Әлидің қалған баллы IELTS және SAT халықаралық емтихандарының нәтижесінде есептелген.

«Дайындығымды 10 сыныптың соңында бастадым. Ағылшын оқыдым, халықаралық экзамен тапсырдым, содан кейін 11 сыныптан бастап жүйелі дайындығымды бастап кеттім. Достарым футбол ойнап, серуендеуге шақырғанда жоқ менің дайындалып, мақсатыма жетіп көп балл алуым керек деп жауап беретінмін. Себебі бір нәрсеге жету үшін бірнәрсемен қош айтысуын керексің деп айтуға болады», - дейді Али Лоян.

Өз мүмкіндігінің көптігіне қарамастан жас түлек облыста қалып, SDU университетінің шет тілдері факультетіне оқуға түсуді қалап отыр. Басты мақсаты  ағылшын және қытай тілдерін еркін  меңгеріп, ел дамуына өз үлесін қоспақ. 

«Қазақстан бойынша 6 болып 140 балл алдым. Өзімнің облысымның, ауылымның атын шығарғаныма қуаныштымын. Неге тіл мамандығын таңдап отыр десеңіз осы тілдерді үйреніп, басқа елдерден келген адамдарға осы облысымыздың әдемі жерлерін таныстырып, туризмді дамытсам болады», - дейді жас түлек.

Түлектің анасы ҰБТ-ға дайындық кезінде баласының әлеуметтік желіден бас тартып, толықтай оқуға зейін қойғанын айтады, Ақтілеулі ана перзентінің майдай тері  өтелгеніне қуанышты.

"Естіген кезде алғашында сенбедім, қайта сұрадым: «Шынымен 140 па?» дедім. Ол «Иә» деді. Әрине, қатты қуандым, себебі оның еңбегі ақталды, сонша дайындалды. Бұл — біздің отбасымыз үшін де, өзі үшін де үлкен жетістік", - дейді Әлидің анасы Анар Жақсыбаева. 

Тынбай ізденіп, тыңғылықты дайындалған білімгер өренге бағындырған белесі үшін 1 миллион теңге қаржылай сый табысталды. Түлекке жүктелген ендігі міндет алдағы емтихандарды сәтті тапсырып, «Алтын белгі» атағын абыроймен қорғап шығу.