Қарағандыда 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орай кең ауқымды есірткіге қарсы айлық басталды. Шараның мақсаты – салауатты өмір салты, спорт пен белсенді азаматтық ұстанымның зиянды әдеттерге ең тиімді балама екенін насихаттау, деп хабарлайды dalanews.kz.

Айлықтың алғашқы күні Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы алаңға еріктілер, қоғам белсенділері, студенттер мен оқушылар жиналып, есірткіге қарсы ұстанымдарын білдірді.
– Ел болашағы – жастардың қолында. Біздің жастар денсаулықты, дамуды, спортты және дұрыс құндылықтарды таңдайтынына сенімдіміз, – деді Қарағанды облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қайыржан Тоқубаев.
Шара барысында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атынан Қарағанды облыстық ПД жанындағы есірткі қылмысына қарсы қоғамдық кеңес мүшелері Гүлнұр Көкиева мен Баян Мәмитоваға құрмет грамоталары табысталды. Олар жастар арасында нашақорлыққа қарсы насихат жүргізуге белсенді үлес қосқаны үшін марапатталды.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2 есірткі зертханасы мен 2 фитозертхана анықталып, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 5 дерек, улы заттардың заңсыз айналымына қатысты 5 факт және есірткі сату бойынша 37 жағдай тіркелген.

Заңсыз айналымнан 302 келі есірткі және 4 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Жүргізілген операциялар нәтижесінде есірткі таратуға қатысы бар 35 адам ұсталды. Олардың қатарында 2 әйел мен 2 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мұндай шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, қоғамды есірткі қатерінен қорғауға бағытталғанын атап өтті.