Қазақстанда ішкі сауда барған сайын цифрлық форматқа ауысып келеді. Ел тұрғындары маркетплейстер мен онлайн сервистер арқылы тауар сатып алып, қызметке жиі жүгінетін болған. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025 жылы Қазақстандағы электронды бөлшек сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
"QZ Economy.Талдау" телеграм арнасының мәліметінше, онлайн сауданың негізгі үлесі маркетплейстерге тиесілі. Жалпы көлемнің 86 пайызы дәл осы платформалар арқылы жүзеге асқан. Қалған бөлігі өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің жеке сайттарына тиесілі.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы электронды сауда көлемі 2 трлн теңгеге де жетпеген еді. Осылайша, соңғы бірнеше жылда интернет арқылы сауда жасау айтарлықтай өскен.
Интернет саудасының жалпы бөлшек саудадағы үлесі де ұлғайып келеді. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,5 пайыз болса, 2025 жылы 14,3 пайызға жеткен.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар маркетплейстер арқылы көбіне телефон мен түрлі гаджет сатып алады. Бұл санат жалпы онлайн сауданың 17,1 пайызын құраған. Сондай-ақ киім, аяқкиім және спорт тауарлары – 12,4 пайыз, үй мен саяжайға арналған тауарлар – 12,1 пайыз, тұрмыстық техника – 10,3 пайыз, ал азық-түлік 7,4 пайыз үлеске ие болған.
Ақшалай есептегенде, тұрғындар бір жыл ішінде телефондар мен гаджеттерге шамамен 553 млрд теңге жұмсаған. Ал киім-кешек пен үйге арналған тауарларға 400 млрд теңгеден астам қаржы кеткен.
Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың интернет арқылы сауда жасауға бейімделіп, онлайн сатып алуға деген сенімі артқанын көрсетеді.
Онлайн қызмет көрсету саласында да өсім байқалады. 2022 жылы электронды коммерция арқылы көрсетілген қызмет көлемі 1,18 трлн теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,5 трлн теңгеге жуықтаған.
Бұл бағытта ең үлкен үлес жолаушылар тасымалы қызметтеріне, яғни такси сервистеріне тиесілі болған – 42,6 пайыз. Ал әуе билеттері мен өзге де көлік брондау қызметтері 30,8 пайыз үлес алған.
Мамандардың пікірінше, мұндай өзгерістер цифрландырудың қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын аңғартады. Онлайн сауда мен сервистер уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, отандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің тұтынушыларға қолжетімділігін арттырып отыр.