Қазақстан латын әліпбиіне көшуді неге тоқтатып қойды? Сарапшылар пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 қаз. 2025 09:51

2017 жылы Қазақстанда латын графикасына көшу бастамасы ресми түрде көтерілді. Алайда арада сегіз жыл өтсе де, жаңа әліпби толық бекітілмей, реформа жарты жолда тұралап қалды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бұрынғы директоры Ерден Қажыбек пен саясаттанушы Дос Көшім бұл бастаманың не себепті созбалаңға түскенін Dalanews.kz тілшісіне түсіндірді.

Ғалым Ерден Қажыбектің айтуынша, Қазақстан латын графикасына көшуді тоқтатпаған. Тек қатесі көп, ғылыми негізсіз нұсқалардан бас тартқан.

“Латын әліпбиінің дайын болғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Нақтырақ айтсақ, 1991 жылдан бастап қолға алынды. Мен комиссия басшысы ретінде сол нұсқаны ұсындым. Алайда билікке бұл ұнамады. Кейін ұсынылған әліпбилерге бірде-бір кәсіби ғалым қатысқан жоқ. Біз, керісінше, сол шикі нұсқаларды сынаумен әлекпіз”, – дейді Ерден Қажыбек.

Ғалымның сөзінше, қазіргі таңда Мемлекет басшысының ғалымдарға қолдау көрсетуі – оң өзгеріс.

“Бағымызға орай, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ғалымдардың пікірін ашық қолдап отыр. Сондықтан сабыр сақтау керек. Жуырда бәрі өз орнына келеді деген сенімім зор”, – дейді ол.

Үдерістің тежелу себептері

Профессор латын әліпбиіне көшудің баяулауына басты себеп ретінде жоғары деңгейдегі шенеуніктердің шамадан тыс араласуын атады.

“Жіберілген өрескел қателерді түзету оңай емес. Біреулер билікке жағымпаздану үшін, біреулер өзінің “біліктілігін”, “ақылдылығын, сауатын” көрсету үшін, біреулер (ашығын айтайын) надандықтан, басқалар “тапсырманы орындау үшін” араласып отыр. Ал ұлттық әліпби – пікірталас немесе шығармашылық ізденіс алаңы емес, нақты тіл заңдылықтарына сүйенетін ғылыми жұмыс. Мұнда қиялға, ерікке, жорамалға, субъективті көзқарастарға жол жоқ. Бұл қағидалар Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлының) заманынан бері белгілі”, – дейді ол.

Ерден Қажыбектің сөзінше, алдағы уақытта Халықаралық “Қазақ тілі” академиясының ұйымдастыруымен отандық және шетелдік мамандар бас қосып, мәселені нақты талқылайды.

“Сол жиында бұл мәселені қаулы ретінде қағазға түсіреміз, әрі ресми құжат түрінде тиісті мекемелерге жолдаймыз. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желіге, ғаламторға орнатамыз”, — деп қосты ол.

Жаңа әліпбиге қойылар басты талап

Ғалым жаңа әліпбидің басты талабы тілдің табиғатына сай болуы керегін атап өтті.

“Тіліміздің әр әрпіне бір таңба қою соншалық қиын емес. Дауыстыларға дауысты дыбыс таңбасын және дауыссыздарға дауыссыз дыбыс таңбасын қою жеткілікті. Өкінішке қарай, осы қарапайым қағиданы күні бүгінге дейін сақтай алмай келеміз. Қазіргі қазақ білетін кирилл (әділі, кирилше емес – орысша) алфавиті қазақ тілінің әліпбиі емес, орыс-қазақ аралас тілдің әліпбиі. Яғни, екі-үш ұйықтаса сорпасы қосылмайтын, табиғаты бөтен, екі тілдің қоспа, ботқа әліпбиі”, – дейді Ерден Қажыбек.

Оның сөзінше, латын әліпбиіне қатысты кәсіби тілші-ғалымдар арасында ешқандай дау жоқ.

“Қайта айтайын, ғалымдардың нұсқасы дайын. Ал жаңалық ашқысы келетіндер көбіне әуесқойлар немесе қаржыны игергісі келетін пысықайлар. Қысқасы, кәсіби мамандар емес”, — деп қосты ол.

Латын графикасының қазақ тіліне әсері

Ерден Қажыбектің пікірінше, латын графикасына көшу қазақ тілін табиғи арнасына түсіріп, ұлттық ойды жаңғыртады.

“Ботқа әліпбиден арылып төл, тілімізге сай әліпбиге көшу – ойымызды тазалап, бойымызды тіктейді. Тіліміз жасанды тұсаулардан құтылса, қайырылып келген қанаты жайылады. Ой түзеледі, өреміз өседі. Ана тіліміз қарқынды дами бастайды.”, – деді профессор Ерден Қажыбек.

Саясаттанушы Дос Көшім не дейді? 

Бұл тақырыпқа қатысты саясаттанушы Дос Көшім де өз ойын ортаға салды. Айтуынша, аталған үдерістің тоқтап қалуының нақты себебі белгісіз.

“Негізінен, жаңа әліпби жөнінде 3–4 дыбысқа байланысты ғалымдардың пікірі екіге жарылғанын білеміз. Сол бір шешімге  келе алмауды сылтау етуі әбден мүмкін”, — дейді ол.

Сарапшы бұл реформаға ғылыми емес, саяси фактор көбірек ықпал еткенін айтады.

“Біз авторитарлы ел болғандықтан, ғылыми реформаның өзін билік басқарады”, — дейді саясаттанушы.

Дос Көшім латын графикасына көшу бастамасы алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында көтерілгенін еске салды. Ол кезде реформаның негізгі мақсаты жазуды ықшамдау, дыбыстарды заманауи технологияларға бейімдеу болған. Алайда саясаттанушының айтуынша, үдеріс ғылыми негізде емес, әкімшілік нұсқаумен жүргізілген.

“Мен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияның мүшесі болдым. Қателеспесем, 2017 жылы, Ерден Қажыбек бастаған комиссияда 28 адам едік. Сондықтан бұл үдерістің қалай жүргенін жақсы білемін. Билік араласты. Ал негізі билік фонетик ғалымдарды шақырып, “Біз латын графикасына көшеміз, соның ғылыми негізін дайындап беріңдер” деуі керек еді. Бірақ олай болмады”, — дейді Көшім.

Салдарынан ғылыми ұстаным мен саяси мүдде үйлеспей, ортақ шешім шықпаған.

“Мамандардың кейбірі билікке бағынышты болды да, “не айтсаңыз, соны істейміз” деді. Ал тәуелсіз ғалымдар “біз ғылыми тұрғыдан дұрыс нұсқаны ғана жасаймыз” деді. Нәтижесінде үдеріс тоқтап қалды. Бірақ ең масқарасы біз әлі күнге дейін әліпбиді толық бекіткен жоқпыз. Ресми түрде нүктесі қойылған жоқ. Соған қарамастан, барлық жерде, тіпті елтаңбаға дейін латын қарпінде жазылып қойылған. Мұндай жағдай ешбір елде болған емес”, — дейді ол.

Сонымен қатар саясаттанушы латын графикасына көшу мәселесі міндетті түрде қайта қолға алынатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, бұл уақытша үзіліс.

“Қазіргі билікпен бе, әлде басқа билікпен бе, ол маңызды емес. Маңыздысы, бұл үдеріс ерте ме, кеш пе, бәрібір жүзеге асады”, — дейді ол.

Дос Көшімнің айтуынша, 1939 жылдан бастап кирилл жазуына көшу қазақтың төл әліпбиін жойып, тіл табиғатына бөгде дыбыстарды енгізген.

“Бізге толық орыс әліпбиі енгізіліп, тек кейбір қазақтың төл дыбыстары шартты түрде  қосылды. Сондықтан тіл мамандары оны “қазақ-орыс әліпбиі” деп атайды. Шын мәнінде, 1939 жылдан бері біз өз әліпбиімізбен емес, бөтен жүйемен өмір сүріп келеміз”, — дейді сарапшы.

Саясаттанушының сөзінше, ең бастысы латынға көшу емес, қазақтың төл дыбыстық жүйесін қалпына келтіру.

“Мәселе біздің дыбыстық табиғатымыздың бұзылуында. Кириллмен бірге қазақ артикуляциясына жат дыбыстар да енгізілді. Сол дыбыстарды қолдануға, айтуға үйрендік. Бірақ бұл табиғи үйрену емес, зорлықпен қалыптасқан дағды”, — дейді Көшім.

Ол қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен ішкі заңдылығы да осы кезеңде әлсірегенін атап өтті.

“Мысалы, кезінде біз “самавар” сөзін “самаурын” деп бейімдеп алғанбыз. Бұл қазақ тілінің ішкі заңдылығына сай келетін әдемі сөз еді. Ал кейін сөзжасам жүйеміз мүлде тоқтады. Біз орыс сөздерін, терминдерді сол қалпында қабылдауға көштік. Осылайша, тіліміздің өзіндік заңдылығы мен сөз тудыру қабілеті жойылды”, — дейді ол.

Саясаттанушының пайымынша, латын графикасына негізделген жаңа әліпби саяси емес, ұлттық әрі мемлекеттік қажеттілік.

“Сондықтан қазір бізге ең қажет нәрсе — өзіміздің ұлттық тілдік жүйемізді қайта тірілту. Латын графикасына негізделген жаңа әліпби соның бір қадамы болмақ”, — деп түйіндеді Дос Көшім.

Бұған дейін

Еске сала кетейік, латын әліпбиіне көшу бастамасы алғаш рет 2017 жылы көтерілді. Ол туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында айтты.

“Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық”, — деді ол.

Сондай-ақ Назарбаев 2012 жылғы “Қазақстан – 2050” стратегиясында да бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап көрсеткен еді.

“Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе”, — деген болатын.

Саясат Нұрбектің пікірі

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  Қазақстанда латын графикасына көшу жұмысы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын мәлімдеген еді.

Айтуынша, қазірге дейін әліпбидің бірнеше нұсқасы әзірленген. Дегенмен тіл мамандары лингвистер, филолог-ғалымдар әлі ортақ мәмілеге келмеген.

“Бұл жұмыс біздің министрлік арқылы атқарылып келеді. Әліпбидің әр нұсқасын сараптау барысында ғылыми-фонетикалық, орфографиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық және цифрлық салдарлары да қарастырылуда. Себебі құжат айналымын, көше атауларын және басқа да жазбаларды жаңа әліпбиге көшіру үлкен шығынды талап етеді”, – деді министр.

Саясат Нұрбектің сөзінше, ең бастысы асығыс шешім қабылдамай, барлық факторды ескере отырып, дұрыс нұсқаны бекіту.

“Сәл сабыр сақтауларыңызды сұраймын. Жұмыс жалғасып жатыр, жақын арада қосымша ақпарат беріледі. Ең маңыздысы – ғылыми топтың жұмысын толық аяқтауға мүмкіндік жасау”, – деп түйіндеді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар