Bloomberg агенттігінің жазуынша, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies және Eni компаниялары үшін Қашаған жобасындағы «Болашақ» кешенінде күкірттің шамадан тыс жиналуы күтпеген жағдай болмаған. Құжаттар консорциум NCOC басшылығы бұл мәселені 2016 жылдан бері білгенін көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттік дерегіне сәйкес, 2017 жылы италиялық Eni ішкі презентациясында өндіріс көлемінің артуына байланысты күкірт лимиттерінің асуы мүмкін екенін болжаған. Ал 2019 жылы британдық Shell күкірттің артық көлемі үшін әр тоннасына 3,5 мың долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін тікелей ескерткен.
«Ішкі құжаттар жоба серіктестерінің күкіртті жедел сату немесе қосымша сақтау қоймаларын салу шығындарын айыппұлдармен салыстырып отырғанын көрсетеді. Ақыр соңында олар бұл шығындар жобаның табыстылығына қатты соққы болады деген шешімге келген», - деп жазады Bloomberg.
Bloomberg сарапшыларының пікірінше, «экология есебінен үнемдеу» стратегиясы түптеп келгенде қаржылық және құқықтық шығындарға алып келген. Бұл шығындар әлеуетті тазарту нысандарын салуға кететін қаржымен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болып шыққан.
Агенттік мамандары бұл жағдайды батыстық корпорациялар үшін жаңа шындықтың көрінісі деп бағалайды. Олардың айтуынша, дамушы экономикасы бар елдерде экологиялық талаптар жаһандық келісімшарттарды қайта қарау кезінде қысым құралына айналып келеді.
Қашаған жобасының инвесторлары үшін бұл дау ұзақ мерзімді репутациялық тәуекелдерге әкеліп, кен орнын игерудің келесі кезеңдері бойынша келіссөздерді едәуір күрделендірген.
