Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстанда Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі жұмыс істеп келеді. Бұл жүйе өнімнің отандық шығу тегін растау мақсатында құрылған және компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуы барысында қолданылады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Тізілім ел аумағында өндірістік қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар туралы мәліметтер жинақталатын мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады. Тізілім деректері тауарлардың қазақстандық шығу тегін растау кезінде СТ KZ сертификаты мен индустриялық сертификаттың орнына қолданылады.
Бизнестің қатысу тәжірибесі
Тізілімге алғашқылардың бірі болып тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electronics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі енгізілді. Компанияның мәліметінше, тіркеу және өндірістік қызметті растау рәсімі штаттық режимде, техникалық іркілістерсіз және қосымша әкімшілік талаптарсыз өтті.
«Silk Road Electronics» ЖШС жоспарлау және мониторинг бөлімінің маманы Эльвира Арышеваның айтуынша, өтінім беру сәтінен бастап деректерді цифрлық верификациялауға дейінгі барлық кезеңдер белгіленген мерзімдерде толық көлемде жүзеге асырылған.
Тізілімге енгізілу кәсіпорынға қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін растауға, мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде цифрлық жүйе деректерін пайдалануға, сондай ақ қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де мемлекеттік қолдау шараларына үміткер болуға мүмкіндік берді.
Өндіріс және даму
Кәсіпорында теледидарлар, кір жуатын машиналар, шаңсорғыштар, электр су жылытқыштары, шағын пештер, ас үй плиталары мен сорғыштарды қамтитын тұрмыстық техниканың сериялық өндірісі жолға қойылған. Өндірістік процестер қолданыстағы техникалық регламенттер мен сапа стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған.
Кәсіпорын өнімі Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізіледі, сондай ақ ТМД елдеріне экспортталады. Орта мерзімді перспективада өндірістік қуаттарды кеңейту және шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайту жоспарланып отыр.
Тізілімнің жұмысы
Қазіргі уақытта Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Деректерді растау процестері, сондай ақ басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс қимыл іркіліссіз жүзеге асырылуда. Тізілімнің цифрлық форматы мәліметтердің жедел жаңартылуын және оларды сатып алу рәсімдерінде пайдалануды қамтамасыз етіп, өндірістік және технологиялық процестердің нақты бар екендігі туралы ақпараттың ашықтығы мен сенімділігін арттырудың тиімді құралы болып отыр.
Тізілімді қолдану тәжірибесі енгізілген скоринг тетігінің тиімділігін көрсетеді. Ол іске қосылған сәттен бастап 202 субъект бағалау рәсімінен өте алмады және тиісінше мәлімделген өндірістік әрі технологиялық процестерін растай алмады. Бұл Тізілім нақты өндірістік қызметті жүзеге асырмай, отандық тауар өндіруші мәртебесін мәлімдейтін жалған өндіруші субъектілерді анықтауға және оларды жүйеден шектеуге мүмкіндік беретінін, сондай ақ адал және ашық бәсекелестік ортаны қалыптастыруға ықпал ететінін дәлелдейді.
