Алматыда Балалар құқығын қорғау басқармасы құрылады

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2026 15:10

Алматыда Балалар құқығын қорғау басқармасы құрылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар "Алматы қаласын басқару схемасын бекіту туралы" шешімге толықтырулар енгізу мәселесін қарады.

Мәселені талқылау аясында депутаттар жаңа құрылымдық бөлімше - Балалардың құқығын қорғау басқармасын құруды мақұлдады.

"Бұл шешім Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданып отыр. Бұл өзгерістер жергілікті деңгейде балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнаулы орган құруға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.

Сессияда сөз сөйлеген Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бүгінде бүкіл ел бойынша ерекше маңызға ие екенін айтты.

Оның айтуынша, жеке басқарманың құрылуы профилактика жұмыстарын күшейтуге, жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіруге және ведомствоаралық үйлестіруді тиімді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл халық саны көп әрі әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған мегаполис үшін аса маңызды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove