Петропавлдағы «Сұлтан» макарон фабрикасында 35 жастағы жұмысшы өндірістік құрылғының ішіне түсіп кетіп, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 12 қазанда Петропавлдағы Труд көшесі бойындағы өндіріс нысандарының бірінде болған. Полиция жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында оқиғаның нақты қалай болғаны және оған кім жауапты екені анықталмақ.
Petropavlovsk.news басылымының хабарлауынша, оқиға «Сұлтан» макарон фабрикасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қамыр илейтін құрылғыны тазалау кезінде жұмысшы оның ішіне түсіп кетіп, ауыр жарақат алған. Дереккөздің мәліметінше, ол осы өндіріс орнында көп жылдан бері еңбек еткен.
Оқиғаға қатысты түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінде жасалады. Әзірге жұмысшының өліміне әкелген жағдайлар мен жауапты тұлғалар туралы ресми толық ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 2026 жылдың шілдесінде Aqtogai Milk кәсіпорнының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде алты адам қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, олар электр сорғысын жөндеген. Қаза болғандардың ең кішісі 16 жаста болған, тағы бір ер адам көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілген.
Кейін арнайы комиссия жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз екенін анықтаған. Атап айтқанда, қауіпті жұмыстарды қауіпсіз орындауға қажетті оқытудың жүргізілмеуі және жеке қорғаныс құралдарының болмауы сияқты бұзушылықтар анықталған.