Павлодар облысында мотоцикл мен жылқы соқтығысып, жас жігіт қаза тапты

Павлодар облысында мотоцикл мен жылқы соқтығысып, жас жігіт қаза тапты
pixabay.com

Павлодар облысында Ольгинка – Ямышево автожолында жылқыға соғылған 18 жастағы мотоциклші қаза тауып, жылқы иесі мал жаю ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы «Sycmcc» маркалы мотоциклдің қатысуымен болған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Апаттың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Жылқы иесі ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Облыстық жедел жәрдем станциясының хабарлауынша, апат туралы қоңырау 23:20-да 103 қызметіне түскен. Медицина қызметкерлері тоғыз минуттан кейін оқиға орнына жеткенімен, мотоциклшіні аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.