Қазақстанның үш өңірінде сапасыз бензин анықталды

Қазақстанның үш өңірінде сапасыз бензин анықталды
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанның үш өңіріндегі жанармай құю бекеттерінен белгіленген талаптарға сай келмейтін бензин анықталды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, жанармай сапасына қатысты талаптардың бұзылғаны мемлекеттік бақылау мен зертханалық сараптама нәтижелері арқылы анықталады. Заң бұзушылыққа жол берген тұлғалар да осы нәтижелер негізінде белгіленеді.

«2026 жылдың басынан бері Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанармай құю бекеттерінде 76 бақылау іс-шарасын өткізді. Оның ішінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алу жұмыстары бар. Зерттеуге бензиннің 78 сынамасы алынды», – делінген Премьер-министрдің жауабында.

Зертханалық зерттеу нәтижесінде үш жағдайда бензиннің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні расталған. Мұндай деректер Алматы қаласында, Жетісу облысында және Қызылорда өңірінде анықталды.

Аталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданған.