Елімізде оқушыларға амандасу мәдениетін үйретуге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтай депутаты Ерлан Сайырдың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін депутат мектептердегі күнделікті тәрбие жұмысына амандасу әдебін енгізуді ұсынған еді. Министрдің сөзінше, бұл бастама ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, балалардың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет және өзара сыйластық секілді құндылықтарды сіңіруге бағытталған.
"Білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына ғалымдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері кірген. Олар оқушылардың амандасу мәдениетін қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдарды әзірлеп жатыр.
Құжатты дайындау кезінде педагогтердің, ата-аналардың, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі тараптардың пікірлері ескерілмек. Кейін ұсыныстар депутаттардың қатысуымен қосымша талқыланады.