Ормуз бұғазындағы шабуылдар: екі үндістандық теңізшінің тағдыры белгісіз

Ормуз бұғазындағы шабуылдар: екі үндістандық теңізшінің тағдыры белгісіз
Euronews.com

2026 жылғы 11 қазанда Ормуз бұғазы маңында және Оман жағалауында екі сауда кемесіне шабуыл жасалып, екі үндістандық теңізші жоғалып кетті, ал қалған 20 экипаж мүшесі аман қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үндістан билігінің мәліметінше, алғашқы оқиға MT Valthera танкерімен байланысты. Маршалл аралдарының туы астында жүзетін кеме Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқанда белгісіз снарядқа ұшыраған. Соққыдан кейін кемеде өрт шыққан. Танкердегі 11 үндістандық экипаж мүшесінің барлығы аман қалған.

Екінші оқиға Оманның Сохар порты маңындағы зәкір тұрағында болған. Никарагуа туы астында жүзетін MT Petro Dolphin танкеріне дронмен шабуыл жасалған. Кемеде 11 үндістандық теңізші болған. Олардың тоғызы құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді, ал екі адамның қайда екені әзірге белгісіз. Жергілікті жағалау күзеті іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Үндістанның Сыртқы істер министрлігі екі кемеге жасалған шабуылды айыптады. Ведомствоның мәлімдеуінше, коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдар аймақтағы онсыз да күрделі жағдайды ушықтыруы мүмкін. Министрлік тараптарды шиеленісті дереу бәсеңдетуге, диалог пен дипломатияға басымдық беруге шақырды.

Үндістанның Маскаттағы елшілігі Оман билігімен және кемелерді басқаратын компаниялармен байланыста екенін хабарлады. Елшілік жоғалған теңізшілерді іздеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, экипаж мүшелеріне қажетті көмек көрсету мәселесін бақылауда ұстап отыр.

Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағымен байланыстырады және әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолы саналады. Аймақтағы кемелерге жасалған шабуылдар теңіз қатынасының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Қазіргі уақытта екі оқиғаға кімнің қатысы бар екені туралы ресми түрде расталған ақпарат жарияланған жоқ.