12 қазанда Петропавл қаласындағы кәсіпорындардың бірінде қайғылы жағдай болды. Өндірістік жарақат салдарынан 35 жастағы жұмысшы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, ер адам қамыр илейтін машинаны тазалап жатқан кезде қондырғының ішіне құлап, айналып тұрған қалақтардың астында қалған.
Полиция оқиғаға байланысты еңбекті қорғау талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция өкілдері.
Құзырлы органдар әзірге істің өзге мәліметтерін жариялаған жоқ.