Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялардың 22-пакетін қабылдап, әскери-өнеркәсіптік кешенмен байланысты 1,6 мыңға жуық жеке тұлға мен ұйымды шектеу тізіміне енгізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың мәлімдеуінше, жаңа санкциялық тізімге енген нысандардың жартысынан астамы Ресейдің баллистикалық зымырандарын өндіру тізбегіне қатысы бар. Шектеулер зымырандарды зерттеу және сынау орталықтарын, қатты отын мен зымыран қозғалтқыштарын өндірушілерді, сондай-ақ әскери мақсатта қолданылатын арнайы тоқыма материалдары мен синтетикалық талшықтарды шығаратын кәсіпорындарды қамтиды.
Санкциялар тізіміне ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндірушілер мен сүңгуір қайықтарға қызмет көрсететін кеме жөндеу кәсіпорындары да енгізілді. Бұдан бөлек, Ресей басып алған Украина аумақтарындағы парламенттік сайлауға қатысқан 77 ресейлік саясаткерге шектеу қойылды. Еуроодақ Ресейдің әскери әрекеттеріне қолдау көрсетумен байланысты Солтүстік Кореяның жеті азаматы мен ұйымын да тізімге қосты.
Жаңа шаралар Ресейдің әскери өндірісіне қажетті технологиялар мен компоненттерге қол жеткізуін шектеуге бағытталған. Әсіресе баллистикалық зымырандарды өндіру тізбегіне назар аударылуы Ресейдің әскери әлеуетін қолдайтын кәсіпорындар мен жеткізушілерге қысымды күшейтуге арналған.
Reuters агенттігінің мәліметінше, санкцияларды енгізу туралы келісімді ЕО елдерінің өкілдері 7 қазанда мақұлдаған. Ал 12 қазанда Еуроодақтың сыртқы істер министрлері жаңа шектеулерді ресми түрде қабылдады.
Еске салайық, Ресейдің Украинаға қарсы соғысына байланысты Еуроодақ енгізген санкциялардың 22-пакеті. Бұған дейінгі, 2026 жылғы 23 шілдеде қабылданған 21-пакет энергетика, қаржы қызметтері, криптовалюта және әскери-өнеркәсіптік кешен салаларын қамтыған еді.