Қазақстанда азық-түлік саудасы 10,1 пайызға өсті

Қазақстанда азық-түлік саудасы 10,1 пайызға өсті
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда тоғыз айда азық-түлік өнімдерінің бөлшек сауда көлемі 10,1 пайызға артты. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсімі 1,6 пайыз болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында елдегі бөлшек сауда көлемі 20,05 триллион теңгеге жетті.

Азық-түлік саудасы жылдам өскенімен, бөлшек сауданың негізгі бөлігін әлі де азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрайды. Олардың үлесі жалпы сауда айналымының 64,9 пайызына тең. Ал азық-түлік өнімдерінің үлесі 35,1 пайыз болды.

Бөлшек сауда айналымының 68,7 пайызы сауда кәсіпорындарына тиесілі. Ал базарларда сауда жасайтындарды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлердің үлесі 31,3 пайыз. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің сауда айналымы 9,3 пайызға өскен. Ал сауда кәсіпорындарындағы өсім 2,1 пайыз болды.

Өңірлер арасында бөлшек сауда көлемі бойынша Алматы қаласы көш бастады. Қалаға еліміздегі жалпы бөлшек сауда айналымының 32,8 пайызы тиесілі. Астананың үлесі 14,2 пайызды құрады.