Эстония 2035 жылға қарай мерзімді әскери қызметке шақырылатын әйелдер санын жылына шамамен 50-ден 200-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр, өйткені туу көрсеткішінің төмендеуі әскер қатарына қажетті азаматтарды тек ер адамдар арасынан жинауды қиындатуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Эстонияның Қорғаныс ресурстары департаментінің бас директоры Ану Раннавескидің айтуынша, елдегі демографиялық өзгерістер алдағы жылдары әскерге шақыру жоспарын орындауға әсер етеді. Қазір елде жыл сайын шамамен 8 мың ұл бала дүниеге келсе, туу деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл көрсеткіш болашақта 4-5 мыңға дейін азаюы мүмкін.
Сонымен қатар Эстонияның қорғаныс күштері жыл сайын мерзімді әскери қызметке 4100 адамға дейін шақыруды жоспарлап отыр. Сондықтан қажетті әскери резервті қалыптастыру үшін әйелдерді де қызметке көбірек тарту мәселесі көтеріліп отыр. Раннавескидің мәліметінше, 2035 жылға қарай жыл сайын бірнеше жүз әйелді қосымша тарту қажеттілігі туындауы мүмкін.
Қазіргі уақытта Эстонияда әйелдер үшін мерзімді әскери қызмет ерікті түрде өтеледі. Мұндай мүмкіндік 2013 жылы енгізілген. Содан бері жыл сайын шамамен 50 әйел әскерге барады. Бұл жалпы шақырылушылар санының 1-2 пайызына тең.
Раннавескидің айтуынша, әйелдерді міндетті әскери қызметке шақыру тәртібі әлі нақты бекітілмеген. Бұл мәселе саяси деңгейде талқылануы керек. Бір нұсқа ретінде қызметке үміткерлерді олардың ынтасы, білімі, тәжірибесі мен әскери дайындыққа жарамдылығына қарай іріктеу қарастырылуы мүмкін. Мұндай тәсіл Швеция, Норвегия және Дания сияқты елдерде қолданылады.
Департамент басшысы қоғамда әйелдердің әскери қызмет атқаруына көзқарас өзгеріп келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, сауалнама нәтижелері тұрғындардың шамамен 80 пайызы әйелдердің әскерде қызмет ету мүмкіндігін қолдайтынын көрсетеді. Алайда әйелдер үшін міндетті әскери қызмет енгізуді қолдайтындар небәрі 5-6 пайызды құрайды. Көпшілік ерікті форматты қолдайды.
Эстонияның Қорғаныс ресурстары департаменті әйелдер мен ерлердің физикалық дайындығына қойылатын талаптар жынысы мен жасына қарай ерекшеленетінін, ал әскери даярлықтың өзі ортақ бөлімшелерде жүргізілетінін хабарлады. Раннавески әйелдердің әскери қызметке кеңінен тартылуы мемлекеттік бюджетке қосымша шығын әкелмейді деп есептейді.
Қазіргі талқылаулар әзірге әйелдерді міндетті әскери қызметке шақыру туралы түпкілікті шешім қабылданғанын білдірмейді. Негізгі мақсат – демографиялық өзгерістер жағдайында елдің қорғаныс күштерін қажетті кадрлармен және резервпен қамтамасыз ету.