Астанада жаңа Конституция жобасы талқыланды

Самал Асқар 02 ақп. 2026 18:13

Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиынға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдік басқармаларының басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Конституциялық комиссия мүшелері Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мен Қоғамдық кеңес төрағасы Зульфухар Гаипов Конституцияның жаңа редакциясында көзделген негізгі өзгерістер мен тұжырымдамалық жаңалықтар туралы баяндады.

Қала әкімі өз сөзінде Ата Заңды жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия Президент Жарлығымен құрылған және оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен азаматтық қоғам мүшелері енген.

Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция жобасында тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, ұлттық бірегейлік сияқты негізгі құндылықтармен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілгенін айтты. Сонымен бірге білім, ғылым, инновация және экология салалары ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалған.

Жиын қорытындысында алдағы кезеңде конституциялық өзгерістердің мәнін қоғамға кеңінен түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинау маңызды екені атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove