Қазақстанда балалар мекемелеріндегі санитариялық қауіпсіздік мәселесі жыл сайын қайталанып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әртүрлі өңірлерде балабақшалар мен мектептерде жаппай улану, инфекциялық аурулардың таралуы, асхана мен тұрмыстық бөлмелердегі санитарлық талаптардың сақталмауы туралы ақпарат жиі шығады. Соған қарамастан, ұзақ уақыт бойы бұл саладағы мемлекеттік бақылау әлсіз болып келді.
Балалар қауіпсіздігі неге толық қамтамасыз етілмеді деген сұрақ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Балалар мүддесін қорғау: балалар мекемелерін санэпидқадағалаудың ерекше тәртібін енгізу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде көтерілді.
Іс-шара барысында DalaNews тілшісі санэпидқадағалау жүйесінің әлсіреу себебіне қатысты тікелей сұрақ қойды.
Балалар мекемелерінде улану, инфекция таралуы, санитарлық заңбұзушылықтар жыл сайын қайталанып келеді. Демек, қазіргі санэпидқадағалау жүйесі балаларды нақты қорғай алмады. Осы олқылық үшін қай орган және қай лауазымды тұлға жауапты екенін ашық айта аласыз ба?
Бұл сұраққа жауап берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Рақымжанова Марал Тілеулесқызы мемлекеттік бақылаудың әлсіреуін 2013 жылы қабылданған саяси шешімдермен байланыстырды.
«2013 жылы Үкіметпен мемлекеттік бақылауды дерегуляциялау туралы, барлық мемлекеттік органдардағы дубляжды алып тастау және тексерулерді қысқарту туралы саяси шешім қабылданды. Осыған байланысты Кәсіпкерлік кодекске барлық мемлекеттік органдардың тексеруін едәуір шектейтін нормалар енгізілді.
Мен өз баяндамамда айтқандай, осы тәжірибе санэпидқызмет органдарының мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуіне кері әсерін тигізді. Осыны ескере отырып, біз депутаттармен бірлесіп Үкіметке жаңа түзетулер пакетін ұсындық.
Бұл түзетулер, біріншіден, ерекше тәртіп аясында біз бүгінгі күні тексеру парақтарымен өзімізді шектемейміз. Біз қолданыстағы санитариялық қағидалардың барлық нормасын шектеусіз тексеретін боламыз.
Екіншіден, сіз айтып отырғандай, біз ұзақ уақыт бойы шара қабылдамадық деген пікір бар. Бірақ сол кезеңде Үкімет бизнеске өз аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда мемлекет түсініп отыр: балалар үшін қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету қажет. Сондықтан ерекше тәртіп ең алдымен мемлекеттік кәсіпорындарға енгізіледі. Мемлекет балалар үшін қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен қаражат алып, қызмет көрсететін бизнес субъектілері де осы тәртіпке кіреді. Осыған байланысты ерекше тәртіпті енгізу қазір де кеш емес деп есептеймін».
Жаңа тәртіп элиталық жекеменшік балабақшалар мен адам саны көп мемлекеттік мекемелерге бірдей қолданыла ма, әлде талаптар қайтадан әртүрлі бола ма?
«Қазіргі таңда бізде элиталық және элиталық емес деген бөлініс жоқ. Айырмашылық тек мекеменің мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуына немесе қаржыландырылмауына байланысты.Егер нысан мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмаса, бақылау қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізіледі. Ал ерекше тәртіпке кіретін нысандар үшін талаптар бірыңғай болады», - деді Марал Тілеулесқызы.
Осылайша, билік өкілдері балалар мекемелеріндегі санитариялық қауіпсіздіктің әлсіреуін дерегуляция саясатының салдарымен түсіндіріп отыр. Мемлекеттік бақылаудың қысқаруы бизнеске қолайлы жағдай жасағанымен, оның салдары балалар мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейіне әсер еткенін ресми түрде мойындады.
Жаңа «ерекше тәртіп» сол олқылықтарды түзетуге бағытталған қадам ретінде ұсынылғанымен, бақылау ең алдымен мемлекеттік және бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге ғана күшейтіледі. Ал жекеменшік, бюджеттен тыс балалар мекемелері бұрынғы шектеулі тәртіп аясында қала береді.
Балалар қауіпсіздігіне қатысты бұл шешімдердің нақты нәтижесін енді тәжірибе көрсетеді.
