2026 жылғы 11 мамырда Түркияның Turkish Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағында Катманду халықаралық әуежайында оқыс жағдай тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Airbus A330 лайнері Ыстамбұл–Катманду бағыты бойынша рейс орындап, ешқандай ақаусыз жерге қонған. Алайда ұшақ рулеждік жолға шыққан сәтте шассидің жанынан түтін байқалған.
Бортта 273 жолаушы және 11 экипаж мүшесі болған. Түтін анықталғаннан кейін барлық жолаушылар үрлемелі траптар арқылы шұғыл эвакуацияланды. Әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына гидравликалық сұйықтықтың тежегіш жүйеге түсуі себеп болуы мүмкін. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды бірнеше минут ішінде толық сөндірген.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.