Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде жариялаған видеосынан кейін көпшілік арасында жаңа пікірталас басталды. Мәжіліс депутаты әйелінің «гештальтін жабу» үшін Парламент атынан арнайы құттықтау жасатқанын айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Видео барысында депутат парламенттік құттықтаулардың қалай рәсімделетінін түсіндірді.
– Біз Парламентте құттықтауды өзіміз ақша төлеп жасатамыз. Ресми қағаз 5 мың теңге тұрады. Лаура 30 жасқа толғанда осындай құттықтау жасап беруімді сұраған еді. Сол гештальті жабылмай жүрді. Биыл 32 жасқа толып жатыр. Парламент тарайын деп тұрған соң, қолымда мүмкіндік бар кезде 5000 теңге төлеп, құттықтауды шығарып алдым. Ішіне жүрекжарды тілегімді жаздым, – деді Дәулет Мұқаев.
Бұл жағдайға журналист Диас Нұрақын да пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында заң шығарушы органның жеке мәселелерге пайдаланылуын сынға алды.
– Заң шығарушы орган гештальт жабатын жерге айналған ба? Егер мұндай әрекеттерге тоқтау болмаса, ертең құда-жекжатты да мемлекеттік мекемелердің атынан құттықтау қалыпты жағдайға айналуы мүмкін, – деп жазды журналист.
Айта кетейік, бұған дейін де кейбір депутаттардың жеке құттықтаулары қоғамда қызу талқыланған еді.