Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Нұржан Тілеуов пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нұржан Тілеуовті өткен жылдың тамыз айында Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлер ұстаған.
Halyqstan мәліметінше, сот процесінің бастапқы кезеңінде айыпталушының адвокаттары бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Қорғау тарапы Нұржан Тілеуовтің бірнеше ай бойы ҰҚК тергеу изоляторының жалғыз камерасында отырғанын, соның салдарынан оның физикалық және психоэмоционалдық жағдайы алаңдаушылық тудыратынын алға тартқан.
Алайда сот бұл уәждерді қанағаттандыруға негіз жоқ деп танып, өтінішті кері қайтарды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 6 миллион теңге пара бұрынғы полиция басшысына есірткі сату бабы бойынша қозғалған істі сақтау бабына қайта саралау үшін берілген. Бұл өз кезегінде күдіктінің жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін еді.
Соған қарамастан, Нұржан Тілеуов өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол сот үкімін заңсыз деп атап, ал берілген ақшаны провокация деп бағалады.
Айта кету керек, айыпталушы 3 миллион теңгені арызданушыға қайтарып бергенін де сотта мәлімдеген.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта тағы бір полиция қызметкері Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзақелдиев те қылмыстық қудалауға іліккен. Ол 20 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Бұл іс бойынша да қорғау тарапы ақшаның пара емес, арнайы ұйымдастырылған арандату екенін айтып отыр.
Қазіргі таңда екі іс бойынша да құқық қорғау органдарының тергеу және сот шешімдері қоғам назарында.
