Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібіне өзгеріс енгізіледі - Ерлан Қарин

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібіне өзгеріс енгізіледі - Ерлан Қарин
Facebook

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы 2026 жылғы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, биыл конкурсқа ұсынылған туындылардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алмаған.

«Конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс», – деді Ерлан Қарин.

Ол атақ белгілі бір тұлғаның беделіне немесе ренжіп қалмауына байланысты берілмеуі керегін атап өтті.

«Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деді комиссия төрағасы.

Сондай-ақ Ерлан Қарин конкурс нәтижесін дұрыс қабылдау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынғанымен, олардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым қолдауына ие болмаған. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болған.

Осы орайда ол 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың болмауына байланысты берілмегенін еске салды.

«Сондықтан конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек», – деді ол.

Комиссия төрағасы отырыс соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа қажет екені айтылғанын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі сыйлықты беру тәртібі заман талабына сай келмейді. Сондықтан тек талаптары мен ережесін ғана емес, оның мазмұны мен сипатын да өзгерту қажет.

Ерлан Қарин әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығын мысалға келтіріп, оның белгілі бір жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін берілетінін атап өтті.

«Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар ол 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың 60-қа жуық адамға берілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл – шығармашылық саланың өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Бұған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне берілетін қаражат көлемі артқан. Осыған байланысты Ерлан Қарин беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да соған лайық болуы керегін атап өтті.

«Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт», – деп түйіндеді ол.