Алматы облысы Қарасай ауданында құтқарушылар тауда адасып кеткен жасөспірімді тауып, эвакуациялады. Сонымен қатар, тағы бір турист құтқарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарасай ауданында Сәтбаев шыңы маңында (теңіз деңгейінен 4 317 метр биікте) 2010 жылы туған жасөспірімді іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім тауға өз бетінше аттанған. Кейін онымен байланыс үзілген. Геолокация дерек болмауы іздестіру жұмыстарын қиындатқан.
"Іздестіру барысында құтқарушылар жасөспірімді Сәтбаев шыңының солтүстік беткейінен тауып, оны эвакуациялауға кірісті. Сонымен қатар, Сәтбаев шыңы маңында, теңіз деңгейінен шамамен 3 800 метр биіктегі "Лунная поляна" шатырынан тағы бір турист - 18 жастағы жігіт табылды. Оның бойынан жеңіл дәрежедегі жалпы гипотермия белгілері байқалды", - деп жазылған хабарламада.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 114 қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар, операцияға "Қазавиақұтқару" әуе кемесі тартылған.