Қостанайда дәрігерді соққыға жыққан науқасқа сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 10 қаз. 2025 17:16

Қостанайда облыстық ауруханада дәрігерді соққыға жыққан 34 жастағы Абылайхан Саринжеповке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 17 шілде күні болған. Ер адам бел аймағындағы қатты ауырсынуға шағымданып, аурухананың қабылдау бөліміне жүгінген. Алайда ол ұзақ күтуге шыдамай, бірнеше рет медицина қызметкерлеріне наразылығын білдірген.

Сол уақытта дәрігер-уролог Антон Кистанов отадан кейін бөлімшеге түсіп, пациенттерді қабылдауды жалғастырған. Саринжеповті қарау кезінде олардың арасында жанжал туындап, науқас дәрігерге жұдырық сілтеген. Соққының салдарынан дәрігер қабырғаға басымен соғылып, ауыр жарақат алған.

Медицина қызметкеріне өміріне қауіп төндірген ауыр бас-ми жарақаты, бас сүйегінің сынуы және қан құйылу диагнозы қойылған.

Сот барысында Саринжепов өз әрекетін «төтенше ауырсыну, ұзақ күту және дәрігердің дөрекі сөйлегені» себеп болды деп түсіндірді. Алайда оның бұл уәждері істің мән-жайын жеңілдеткен жоқ.

Белгілі болғандай, айыпталушының бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған: ол бұған дейін тонау ісі бойынша шартты жаза алған және көлік жүргізу куәлігінсіз рөлге отырғаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылған.

Сот Саринжеповтің әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы, 3-бөлігі бойынша – «Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру» деп саралады.

"Прокурор алты ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Саринжепов кінәсін мойындағанымен, шынайы өкініш білдірмеді. Сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін жағдай ретінде ескеріп, ал бұрынғы сотталғанын ауырлататын мән-жай ретінде қарастырды. Нәтижесінде оған 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", — делінген сот хабарламасында.

Жәбірленуші дәрігердің 2 миллион теңге көлеміндегі моральдық өтемақы туралы талабы толық қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар