Қазақстанда құрылыс саласы экономиканың серпінді бағыттарының біріне айналды. 2025 жыл бұл сала үшін нәтижелі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елде 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспарланған 19,2 млн шаршы метрден асып түсті және 185 мыңнан астам пәтерді қамтыды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тұрғын үй құрылысының негізгі көлемі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шоғырланған. Үш мегаполистің үлесіне 8,8 млн шаршы метр немесе орта есеппен 45 шаршы метрден есептегенде шамамен 200 мың бір бөлмелі пәтер келеді.
Құрылыс саласының әсері тек жаңа үйлермен шектелмейді. Бұл бағыт экономиканы бірнеше арна арқылы қолдайды. Мәселен, құрылыс компанияларына тапсырыс береді, халықтың әл-ауқатын жақсартады және ілеспе салалардың дамуына жол ашады.
Құрылыс материалдарына деген сұраныс та артып келеді. 2025 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы құрылыс материалдары нарығы шамамен 2,5 млрд доллар деп бағаланған. Оның 70 пайызы – отандық өнім. Елде бетон мен құрылыстық қоспалар, цемент, керамикалық кірпіш, плитка, жылу оқшаулағыш материалдар, линолеум және өзге де өнімдер өндіріледі.
Дегенмен кейбір бағыттарда импортқа тәуелділік сақталып отыр. Атап айтқанда, санитарлық фаянс пен лифт жабдықтары әзірге кең көлемде өндірілмейді. Алайда құрылыс көлемінің тұрақты өсуі бұл сегменттердің де біртіндеп дамуына мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде елде бірқатар жаңа өндірістік жобалар іске асырылуда. Алматыда жылына 162 мың текше метр газобетон блоктарын шығаратын өндіріс іске қосылуда. Астанада 1 млн текше метр минералды плита және 1,8 млн шаршы метр сэндвич-панель өндіретін зауыттар іске қосу жоспарланған.
Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, құрылыс саласын қажетті материалдармен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Соның нәтижесінде тұрғын және өндірістік нысандарды салуда қазақстандық өнімнің үлесі арта түсуде.
Құрылыс саласы бүгінде ішкі нарыққа бағытталған нақты өндірістің дамуын көрсететін маңызды мысалға айналды. Оның нәтижесі – ел экономикасының нығаюы мен азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруы.
