Қазақстанда әскери оқу орындарына қабылдау форматы өзгерді

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2026 16:37

Қазақстанда әскери оқу орындарына қабылдау eGov арқылы онлайн форматқа ауыстырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарына құжаттар тапсырудың цифрлық механизмін енгізді. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау туралы өтініштер eGov.kz порталында онлайн режимде қабылданады.

Құжат тапсыруға 18-24 жас аралығындағы ер азаматтар қатыса алады. Өтініштерді қабылдау 2026 жылғы 10 маусымға дейін жалғасады.

Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, "Азаматтарға" – "Әскери есеп және қауіпсіздік" – "Әскери қызмет" бөлімдеріне кіру қажет. Содан кейін "Әскери оқу орындарына қабылдау өтініштерін беру" қызметін таңдап, электрон форманы толтыру керек. Үміткер негізгі мәліметтерді көрсетіп, оқу орнын таңдап, жеке деректерді өңдеуге келісім береді және өтінішті қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы растайды.

Өтініш беруші туралы ақпарат автоматты түрде тексеріледі. Жүйе психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінен, сондай-ақ, соттылығы мен мүгедектік мәртебесі туралы деректерді сұрайды. Жеке куәліктер, білім туралы мәліметтер және ҰБТ нәтижелері мемлекеттік ақпараттық жүйелерден бірден алынады.

Өтініштің нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде "Қызмет алу тарихы" бөлімінде көрсетіледі. Қабылданған жағдайда өкілетті тұлғаның цифрлық қолымен расталған электрон құжат беріледі; бас тартылған жағдайда да хабарлама жіберіледі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің білім беру жүйесінде офицерлерді даярлайтын Құрлық әскерлерінің әскери институты (Алматы), Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты (Ақтөбе), Радиоэлектроника, және байланыс әскери-инженерлік институты (Алматы) секілді үш жоғары оқу орны, сондай-ақ сержанттар құрамын даярлайтын бес әскери колледж бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove