Қазақстан 2025 жылы уран өндірісін 11 пайыз арттырды

Қаракөз Амантай 02 ақп. 2026 14:47

Ұлттық атом компаниясы Қазатомөнеркәсіп Қазақстанның 2025 жылы уран өндіру көлемін 11%-ға ұлғайтып, 25 839 тоннаға жеткізгенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 23 270 тоннамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания мәліметінше, 2025 жылы өндіріс көлемінің өсуі өндірістік жоспардың ұлғаюымен байланысты.

"2025 жылы өндіріс көлемі 2024 жылмен салыстырғанда артты. Бұған компания бекіткен өндірістік жоспардың ұлғаюы себеп болды", – делінген хабарламада.

Ал 2026 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі 27,5 мың –29 мың тонна аралығында болады деп жоспарланып отыр.

Өндіріс өсімінің негізгі бөлігі "Буденовское" бірлескен кәсіпорнының жобалық қуатқа кезең-кезеңімен шығуымен түсіндіріледі. Бұл кәсіпорынның 2024–2026 жылдардағы 100% өндіріс көлемі оффтейк-келісімшарт аясында алдын ала резервтелген.

Қалған уран өндіруші кәсіпорындардағы өндіріс өсімі компанияның қорларын қалыптастыруға және қолайлы деңгейде ұстап тұруға бағытталмақ. Компанияның айтуынша, мұндай стратегиялық тәсіл тұтынушылар алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді үздіксіз орындауға, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік күшейген жағдайда қосымша құн алуға мүмкіндік береді.

2025 жылы компаниялар тобы бойынша сатылым көлемі де 11%-ға артып, 18 495 тоннаға жеткен. Уранның орташа сату бағасы U₃O₈ фунтына 65,10 доллар болған. 2026 жылға арналған сату жоспары 19 500–20 500 тонна деңгейінде белгіленген.

"Қазатомөнеркәсіптің" негізгі акционерлері – Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры (75%), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (12,01%) және Citibank, N.A. – New York (депозитарлық қолхаттардың номиналды ұстаушысы, 24,35%).

Үшінші тараптардың бағалауынша, 2025 жылы спот-нарықтағы мәмілелер көлемі 55,3 млн фунт U₃O₈ (шамамен 21 270 тонна уран) болды. Орташа апталық баға 72,75 доллар/фунт деңгейінде қалыптасты. Бұл 2024 жылғы 36,75 млн фунт (шамамен 14 135 тонна) және 86,28 доллар/фунт бағасымен салыстырғанда, мәмілелер көлемінің 50%-ға артқанын көрсетеді. Бағаның 16%-ға төмендеуі 2024 жылдың басындағы жоғары бағалармен байланысты, ол кезде АҚШ Сенатында Ресей ядролық отынын импорттауға тыйым салу туралы заң жобасы талқыланған еді.

Компания есебінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша ұзақмерзімді келісімшарттардағы уран бағасы 86,50 доллар/фунт U₃O₈ болғаны, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары екені көрсетілген. Ұзақмерзімді мәмілелердің жалпы көлемі 104 млн фунт U₃O₈ (шамамен 40 мың тонна уран) болды. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен шамалас.

"Қазатомөнеркәсіп" уран тапшылығы 2030 жылға қарай-ақ сезіле бастайды деп болжап отыр және осыған байланысты жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын қолға алған.

Сарапшылардың есептеуінше, 2040 жылға қарай әлемдік уранға деген сұраныс екі есеге артуы мүмкін. Қазақстан шамамен 300 мың тонна уран қорына ие, әлемдік уран өндірісінің 40%-ын қамтамасыз етеді. Алайда елде уранды байыту өндірісі жолға қойылмаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove